iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
III тарау. Өркендер мен бүршіктер
Жапырағы мен бүршігі бар бұтақтанбаған жас сабақты өркен дейді. Өркеннің негізгі орталық тірек бөлімі – сабақ. Оның тамырдан айырмашылығы жапырақ шығарады, буын және буынаралығы болады. Сабақтың жапырақ өсетін жуандау жерін буын, ал бір буын мен екінші буынның арасын буынаралығы дейді. Буынаралығы ұзын болса, ұзарған өркен, қысқа болса, қысқарған өркен деп аталады (1-сурет). Жапырақтың сабаққа орналасқан жерін жапырақ қолтығы дейді.
1-сурет. Өркен түрлері: А. Ұзарған өркен, Ә. Қысқарған өркен: 1 – буынаралығы; 2 – жылдық өсуі
Бүршіктің түрлері. Бүршіктер орналасуына қарай төбе бүршік және қолтық бүршік деп бөлінеді. Төбе бүршік ұрықта қалыптасады, одан болашақта өркеннің барлық мүшелері түзіледі. Төбе бүршіктен өсімдік ұзарып өседі (2-сурет). Қолтық бүршік (жанама бүршік деп те атайды) жапырақ қолтығында орналасады. Өсімдік түріне қарай бір жапырақтың қолтығында бір немесе бірнеше бүршіктер (сарымсақ, қарабүлдірген) болады. Қолтық бүршіктен жан-жаққа бұтақтар өсіп таралады. Бүршіктің және бір түрі қосалқы бүршік деп аталады. Қосалқы бүршіктердің ерекшелігі олар өсімдіктің кез келген жерінен тамырдан, тамырсабақтан, сабақтан, жапырақтан дамиды. Мысалы, қалуеннің (осот) тамырынан жер бетіне қаулап өсетін атпалар (тамыр атпасы), кескен ағаштың томарының айналасына өсетін шыбықтар және т.б. Көптеген өсімдіктердің жапырақтарында дамитын қосалқы бүршіктер әсіресе бөлме өсімдіктерде анық байқалады. Мысалы, бриофиллюм (каланхое) жапырақ тақталарының жиегінде қаз-қатар тізіліп қосалқы бүршіктер шығады. Ол бүршіктердің әрқайсысы жапырақтан ажырап түсіп, өзінше жас өркендердің бастамасын береді. Көпжылдық өсімдіктерде ұсақтау қолтық бүршіктер мен қосалқы бүршіктер ашылмай тыныштық күйге ауысады. Ол бұйыққан бүршік делінеді. Бұйыққан бүршіктер тіршілік қабілетін ұзақ уақыт сақтап, өте баяу өседі. Бұйыққан бүршіктер гүлшетен, үшқат, сары қараған, ырғай, тобылғы бұталарынан басқа көп жылдық шөптесін өсімдіктерде де болады. Әсіресе бұталардың түптенуі осы бүршікке байланысты. Ағаштардың зақымдануы, басқа бүршіктердің өсуі баяулаған кезде бұйыққан бүршіктер дереу белсенді өсе бастайды. Оған ағаш дінінің кесілген бұтақтары мен кесілген ағаш түбінен өскен өркендер мысал болады.
Бүршіктің ішкі құрылысы. Көктемде кез келген ағаштың бүршігін дәл ортасынан ұзынынан теңдей 2-ге бөліп, ұлғайтқыш әйнекпен (лупа) қараймыз. Бүршіктің сыртын қалың, тығыз қабыршақтар қаптайды. Қабыршақтың саны өсімдік түріне қарай 1, 2, 3 және одан да көп болады. Қабыршақ – түрі өзгерген сыртқы жапырақтар. Қабыршақтар құрғақ, жабысқақ, шырышты, түкті, қоңыр, қызғылт, сарғылт түсті болады. Қабыршақтарының түкті, жабысқақ болуы су булануын азайтып, үсуден, құстардың шоқып, зақымдауынан қорғайды. Әдетте бүршіктердің пішіндері мен қабыршақтарының ерекшеліктеріне қарап, өсімдік түрлерін оңай ажыратуға болады.
Бальзамды теректің бүршік қабыршақтары өзінен бальзам бөлетіндіктен жылтыр, өткір иісті. Қолмен ұстағанда саусаққа желім сияқты жабысады. Сыртында қабыршағы болмайтын ашық бүршікті өсімдіктерге морт сынғыш итшомырт жатады.
Ашық (қабыршағы жоқ) бүршіктердің сыртын бөбешік жапырақтар, жапырақ қынабы жауып тұрады. Бүршіктің ішкі жағында дәл ортасынан біркелкі тығыз ақшыл-сары түсті бастапқы сабақты көреміз. оның жан-жағынан бастапқы жапырақшалар көрініп тұрады. Бастапқы сабақтың ұшы өсу нүктесімен бітеді (2-сурет).
Бүршік көктемде өсімдіктің тамырында, сабағында жиналған қоректік заттар қорымен қоректеніп, ісінеді. Сыртындағы қалың қабыршақтары түсіп, ашылады. Қабыршақтың үзіліп түскен жерінде сақина тәрізді дөңгелек із қалады. Сол ізден бастап өлшегенде өркеннің бір жылда қанша мөлшерде өскені анықталады. Әдетте ең ірі төбе бүршіктері мен жанама бүршіктер ғана ашылып, өркен дамиды.
2-сурет. Өркен және бүршік: өркеннің құрылысы
Өсу бүршігінің құрылысы
Гүл бүршігінің құрылысы
Барлық гүлді өсімдіктерде өркеннің түріне қарай 2 түрлі бүршік болады: өсу бүршігі және гүл бүршігі (3-сурет). Өсу бүршігі тек ұзарған өркенде ғана орналасады. Одан ұзарған өркен мен жапырақ өсіп шығады. Гүл бүршігі тек қысқарған өркенге орналасады. Ұзынынан жарып қарағанда бастама сабақтың жан-жағына гүлшанақтар (ашылмаған гүлдер) бекиді. Гүлшанақ гүл шығарып, жеміс береді. Бірі – өсу, екіншісі – көбею бүршігі. Бүршік бастама сабақтан, бастама жапырақтан тұратындықтан, өркен дамиды.
- Жапырағы мен бүршігі бар бұтақтанбаған жас сабақ:
- Сабақ:
-
Өркеннің негізгі орталық тірек бөлімі:
- Бір буын мен екінші буынның арасын:
- Қолтық бүршік:
- Төбе бүршіктен:
- Қолтық бүршіктен:
-
Қосалқы бүршік
- Бұйыққан бүршік:
- Бұйыққан бүршіктер:
- Бүршіктің сыртын:
-
Қабыршақ:
- Жапырақ тақталарының жиегінде қаз-қатар тізіліп бүршіктер шығатын өсімдік:
- Жылтыр, өткір иісті саусаққа желім сияқты жабысатын өсімдік:
- Сыртында қабыршағы болмайтын ашық бүршікті, морт сынғыш өсімдік:
- Бастапқы сабақ:
- Барлық гүлді өсімдіктерде өркеннің түріне қарай:
-
Өсу бүршігі
-
Гүл бүршігі :
-
Гүлшанақ:
- Бүршік көктемде:
-
Өркен
-
Бүршіктің қабыршағы
-
Өркен мен тамырдың өсуін тоқтату