iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
V тарау. Организмдердің әртүрлілігі және тіршілік орталары
Тіршілік ортасы - қазіргі тіршілік етіп жатқан организмдердің арқасында пайда болған табиғи күштер мен құбылыстар.Тіршілік ортасы деп белгілі бір организм (түрдің) дамуының барлық кезеңдеріне қажетті табиғи орта факторлар жиынтығын айтады.
Тірі организмдер тіршілік ететін табиғи орталар жиынтығын экологияда экотоп деп атайды. Бұл абиотикалық факторлар жиынтығы деген ұғыммен мағыналас. Оны кейде биотоп (грекше "bios" – тіршілік, "topos"– орын) деп те атайды. Белгілі бір экотопта тіршілік ететін барлық тірі организмдер жиынтығын биоценоз (грекше "koinos" – жалпы) деп атайды. Белгілі бір аумақта тіршілік ететін барлық тірі организмдер мен орта жағдайларының жиынтығын қосып биогеоценоз (грекше "bios" – тіршілік, "ge" – Жер,"koinos" – жалпы) деп атайды.
Адам тиіспеген өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік ортасы
Су - тіршілік ортасы. Су көптеген организмдер үшін ең қолайлы орта болып саналады. Сулы ортаның өзіне тән физикалық және химиялық қасиеттері бар. Организмдер үшін судың химиялық құрамы, тұнықтығы, тығыздылығы, тұтқырлығы, оттек пен жарықтың болуы және т.б. негізгі рөл атқарады. Судың құрамында көптеген минералдық заттар мен химиялық қосылыстар кездеседі. Табиғи судың құрамындағы минералдық тұздардың мөлшері де түрліше болады. Мысалы, тұщы судың бір литрінде 0,5 г тұз болса, теңіз суында тұздың мөлшері 35–40 г болады. Судың құрамында оттек мөлшері атмосферадан 20 есе аз және суға жарық аз түседі. Суда қысым күрт өзгереді. Мұның бәрі де кейбір организмдер тіршілігі үшін едәуір қолайсыздық туғызады.
Суда тіршілік етуге бейімделген организмдер тобы – гидробионттар (грекше "hydor" – су, "biontos" –тіршілік ететін) деп аталады. Олар судың түрлі қабаттарында тіршілік етуге бейімделген. Гидробионттар Дүниежүзілік мұхиттарда, жер асты суларында, құрлықтағы су айдындарында кеңінен таралған. Су айдындарында екі түрлі тіршілік ортасын ажыратады. Оның бірі – судың қалың қабаты (пелагиаль грекше "pelagos" – теңіз). Бұл қабатта тіршілік ететін организмдерді пелагостар деп атайды. Екіншісі – су түбі (бенталь грекше "benthos" – терең) деп аталады. Мұнда тіршілік ететін организмдер бентостар деп аталады.
Судың беткі қабатында судың ағысымен қалқып жүріп тіршілік ететін ұсақ организмдерді (фитопланктондар мен зоопланктондарды) планктондар (грекше "planktos" – қалқып жүретіндер) деп атайды.
Судың түрлі қабаттарында белсенді түрде жүзіп жүріп тіршілік ететін ірі организмдерді (басаяқты ұлуларды, балықтарды, және т.б.) нектондар (грекше "nektos" – жүзіп жүретіндер) деп атайды. Ал судың ең беткі қабатында тіршілік ететін әрі микроскопиялық, әрі ұсақ организмдер пейстондар (грекше "heustos" – жүзетіндер) деп аталады.
Құрлық-ауа тіршілік ортасы. Бұл табиғи тіршілік ортасы атмосфералық ауаның көп болуымен ерекшеленеді. Сондықтан да бұл ортада тіршілік ететін организмдер – аэробионттар (грекше "Air" – ауа) деп аталады. Бұл ортаның тығыздығы мен қысымы төмен. Ал оттек пен жарық мол. Құрлық-ауа тіршілік ортасында температура мен ылғалдылық жыл маусымдарына, тәулік мезгілдерінде және географиялық орналасқан орнына сәйкес күрт өзгеріп тұрады. Бұл ортада организмдердің тіршілігі үшін температура, ылғалдылық, жер бедері, жел, жыл маусымдарының алмасып тұруы негізгі рөл атқарады. Бұл ортада тіршілік ететін организмдердің орта жағдайларына әсері айқын байқалады, тіпті олар өздеріне қажетті ортаны өздері жасап алады. Экологиялық тұрғыдан алғанда бұл орта өте күрделі әрі ондағы орта жағдайлары да сан алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Құрлықта тіршілік етуге бейімделген организмдерді террабионттар (латынша "terra" – "жер") деп атайды. Бұл ортада тіршілік ететін организмдер денесіндегі суды үнемдеп жұмсайды, жылу реттеу механизмдері де түрліше. Оттектің мол болуына сәйкес ондай организмдерде арнайы тыныс алу мүшелері пайда болған. Температураның күрт өзгеруіне сәйкес организмдерде қорғану үшін түрліше бейімделушілік белгілер қалыптасқан.
Топырақ – тіршілік ортасы. Топырақ құрлықтың беткі қабаты. Ол үнемі литосферамен және атмосферамен жанасып жатады. Топырақ ұзақ уақыттар ішінде үгітілген тау жыныстары мен тірі организмдердің шіріген қалдықтарының қосылуынан пайда болған әрі тарихи, әрі табиғи дене. Сондықтан да топырақ құрамында минералдық және органикалық заттардың қосылыстары болады. Топырақ қабатын педосфера (грекше "podos"—аяк) қабығы деп атайды. Топырақтың беткі қабатында органикалық заттарды ыдыратушы ұсақ организмдер (бактериялар, саңырауқұлақтар, құрттар және т.б.) тіршілік етеді.
Топырақ қабатының да тіршілік ортасы ретінде өзіне тән ерекшеліктері бар. Топырақ қабатындағы тіршілік үшін температура, ылғалдылық және оттек негізгі шектеуші факторлар болып саналады. Топырақ тығыз, онда жарық болмайды, температураның ауытқуы шамалы ғана әрі оттек аз, оның есесіне топырақта көмірқышқыл газы көп болады. Топырақ борпылдақ (саңылаулары мол) құрылымды болып келеді. Топырақ ішіндегі саңылауларды газдар қоспасы және су ертінділері толтырып тұрады. Топырақ көптеген организмдердің тіршілігі үшін өте қолайлы орта. Топырақта тіршілік ететін организмдер – педобионттар деп аталады.
Организм – тіршілік ортасы. Жер бетінде тіршілік алғаш рет пайда болған кездің өзінде-ақ кейбір жеке организм тіршілік ортасына айналған. Бір организмді екінші бір организм тіршілік ортасы ретінде пайдалану табиғатта кеңінен таралған. Табиғатта кездесетін әрбір түрдің өзіне тән паразиті болады.
Организмнің де тіршілік ортасы ретінде өзіне тән ерекшеліктері бар. Мысалы, ондай ортада денеге оңай сіңетін қоректік заттар мол, температураның және химиялық заттардың құрамы тұрақты, құрғап кету қаупі және жаулары болмайды. Организмнің тіршілік орта ретіндегі қолайсыз факторларына оттек пен жарықтың жетіспеушілігін, тіршілік кеңістігінің шектеулілігін және т.б. атауға болады. Организмді тіршілік ортасы ретінде пайдаланатын организмдер тобын – эндобионттар (грекше "endon"–ішкі) деп атайды. Оларды тіршілік ету ерекшеліктеріне сәйкес паразиттер, симбионттар (селбесіп тіршілік ететіндер), комменсалдар және т.б. деп бөледі.
- Белгілі бір организм (түрдің) дамуының барлық кезеңдеріне қажетті табиғи орта факторлар жиынтығы:
- Белгілі бір экотопта тіршілік ететін барлық тірі организмдер жиынтығы:
- Суда тіршілік етуге бейімделген организмдер тобы:
- Судың беткі қабатында судың ағысымен қалқып жүріп тіршілік ететін ұсақ организмдерді ата:
-
Судың түрлі қабаттарында белсенді түрде жүзіп жүріп тіршілік ететін ірі организмдерді ата:
- Құрлықта тіршілік етуге бейімделген организмдерді:
- Топырақта тіршілік ететін организмдер:
- Организмді тіршілік ортасы ретінде пайдаланатын организмдер тобын –
-
Төмендегілердің қайсысы аэробионтты организм?