Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

I тарау. Тіршіліктің жер бетінде пайда болуы туралы алғашқы көзқарастар

Конспект

Ғылыми деректер бойынша Күн жүйесіне жататын Жер ғаламшары бұдан 4,5-5 млрд жыл бұрын газды-шаңды тұманнан пайда болған. Ғаламшарға энергия ағысы бір қалыпты түспесе тіршіліктің пайда болуы мен дамуы мүмкін емес. Өйткені тірі организмдердің тіршілігі белгілі бір температуралық жағдайда ғана жүріп отырады.

Аристотель

 

Ертеде ғылыми деректердің аздығынан тіршіліктің пайда болуы туралы түрлі көзқарастар қалыптасты. Ежелгі грек философы Аристотель (б.з.д. IV ғ.) бит - еттен, қандала - жануар шырынынан, шұбалшаң - балшықтан пайда болады деген көзқарасты ұстанды.

Фалес

 

Грек философиясының негізін салушылар Фалес және т.б., органикалық дүниенің негізін қоршаған ортадағы әр түрлі заттардан іздеді. Фалес ондай негізгі зат су деп есептеді және содан өздігінен тіршілік пайда болды деп қорытынды жасады. Орта ғасырларда да ғылыми деректердің жинақталуына қарамастан тіршіліктің пайда болуы жайлы түрлі көзқарастар орын алды. XVII ғасырдың орта шеніне дейін тіршілік өздігінен өлі табиғаттан пайда болады деген көзқарасты қолдаушылар көп болды. Кейінгі кездегі микроскоптың ашылуына байланысты организмдердің құрылысы жайындағы деректер нақтылана түсті. Осыған сәйкес тіршіліктің өлі табиғаттан пайда болуына күмән келтіретін тәжірибелер жасала бастады.

Френсис Бэкон

 

Тіршіліктің құпия сырларын білу үшін ағылшын философы Ф.Бэкон (1561-1626 жж.) міндетті түрде бақылау, эксперимент жасап зерттеуді ұсынды. Осы ұсынысы арқылы түрлі діни сенімдерге батыл қарсы шықты. Ғалымның эксперимент жасап алынған деректерді талдап салыстыру керек деген көзқарасы жаратылыстану ғылымының дамуына ерекше әсер етті.

Франческо Реди

 

XVII ғасырдың ортасында италиялық дәрігер Франческо Реди (1626-1698 жж.) тәжірибе жасап, тіршілік өздігінен пайда болады деген теорияға қарсы шықты. Ол 1668 жылы, төрт ыдысқа ет салып, оны ашық қойды да, келесі төрт ыдыстағы еттің бетін дәкемен жапты. Беті ашық ыдыстарға шыбын жұмыртқа салғандықтан, шыбындар өсіп шықты, ал беті дәкемен жабылған ыдыстардан шыбын шыққан жоқ. Реди осы тәжірибесі арқылы шыбынның өзі салған жұмыртқалардан ғана шығатынын, яғни шыбынның өздігінен пайда болмайтынын дәлелдеп берді.

1775 жылы М.М. Тереховский ішінде сорпасы бар ыдысты қайнатып, оның аузын тығыз етіп жауып тастады. Онда ешқандай өзгеріс байқалмады, ал аузы ашық ыдыстағы сорпаның бірнеше тәуліктен соң ашып кеткендігі байқалды. Ол кезде микроорганизмдер жөніндегі ғылыми деректер мардымсыз болатын. Виталистік (латынша - vitalis" - тірі, тіршілігі бар деген ұғым) көзқарастағылар: "аузы жабық ыдысқа "тіршілік күші" кіре алмағандықтан тіршілік пайда болмады, сорпаны қайнатқан кезде "тіршілік күші" өледі, - деген қарсы пікірді ұсынды.

 

Тіршіліктің пайда болуы туралы теореялар.

Тіршіліктің пайда болуы жайында, негізінен, бір-біріне қарама-қарсы екі көзқарас қалыптасқан. Оның біріншісі - тіршілік өлі табиғаттан пайда болған деген абиогенездік теорияға келіп тіреледі.

 

Екінші көзқарас - биогенездік теория. Бұл көзқарас бойынша тіршіліктің өздігінен пайда болуы мүмкін емес. Тіршіліктің пайда болуы жайындағы бұл екі көзқарас арасындағы өзара келіспеушілік пікір осы күнге дейін жалғасып келеді.

Луи Пастер

 

Луи Пастер ұсынысы

Тіршіліктің өздігінен пайда болмайтынын дәлелдеу үшін 1860 жылы француз ғалымы, микробиолог Луи Пастер (1822-1895 жж.) арнайы тәжірибе жасады. Ол ұшы латынның S-әрпі тәрізді шыны түтікті қолданды. Л.Пастер шыны ішіндегі қоректік ортаны қайнатып, оны иір иінді түтікпен жалғастырды да, түтіктің ұшын ашық қалдырды. Түтік ішіне ауаның еркін кіруіне мүмкіндік жасалды. Микроорганизмдердің споралары шыны түтіктің иір иініне жиналып, қоректік ортаға түспегендіктен, шыны ішіндегі ерітінді ұзақ уақыт таза қалпында сақталды. Л.Пастер қарапайым ғана тәжірибесі арқылы организм тек тірі организмнен ғана пайда болады деген биогенездік теорияның дұрыстығына көз жеткізді.

 

Абиогенез теориясын жақтаушылар Л.Пастер тәжірибесінің дәлелділігін мойындамады. Олардың бір тобы жер бетіндегі тіршілік мәңгілік әрі оны жаратушы күш бар деген пікірді ұсынды. Бұл көзқарас креационизм (латынша "creatio" - жаратушы) деп аталады. Осы көзқарасты К.Линней, Ж.Кювье, т.б. қолдады. Жер бетіне тіршілік тұқымы басқа ғаламшарлардан метеориттер арқылы үнемі таралып тұрады деген де көзқарастар болды. бұл көзқарас ғылымда панспермия теориясы (грекше "pan"- барлық және "sperma" - тұқым) деген атпен белгілі.



Сұрақтар
  1. Бит - еттен, қандала - жануар шырынынан, шұбалшаң - балшықтан пайда болады деген көзқарасты ұстанған ғалымды ата.
  2. Тіршіліктің құпия сырларын білу үшін міндетті түрде бақылау, эксперимент жасап зерттеуді ұсынған ғалымды ата.
  3. Тіршілік  өздігінен пайда болады деген теорияға қарсы шыққан ғалым.
  4. Ішінде  сорпасы бар ыдысты қайнатып, оның аузын тығыз етіп жауып эксперимент жасаған ғалым.
  5. S - әрпі тәрізді шыны түтікті қолданып эксперимент жасаған ғалым.
  6. Креационизм деген көзқарасты қолдаған ғалымдарды  ата.
  7. 1865 жылы алғаш "Панспермия теориясын" ұсынған неміс ғалымын ата.
  8. 1880 жылы тіршілік жер бетінде мәңгілік деген теорияны ұсынған неміс ғалымын ата.
  9. Органикалық заттардың абиогендік жолмен пайда болуы туралы гипотезаны ұсынған ғалым?

  10. «Тіршілік күшінің» арқасында ғана тіршілік пайда болады деген теорияны атаңыз?

Қате туралы хабарландыру