iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
VI тарау. Жануарлар селекциясы
Адамның қатысуымен жүретін сұрыптауды қолдан сұрыптау деп атайды. Чарлз Дарвин өзінің қолдан сұрыптау туралы ілімінде оның екі түрін анықтаған: мақсатсыз және мақсатты сұрыптау. Адамдар жануарларды үй жағдайына қолға үйретудің алғашқы кезеңінде мақсатсыз сұрыптауды пайдаланды.
Саналы сұрыптау.
Үй жағдайында жануарлар мен өсімдіктерді өсіру кезінде, адамдар бағалы, пайдалы белгілері бар ата-аналық даралар өздеріне ұқсас, жетілген ұрпақ әкелетінін байқаған. Оларды бірнеше ұрпақ бойы қадағалап, көбейтіп, өсіріп отырған. Адам саналы сұрыптау барысында белгілі бір мақсат қойып, қандай нәтиже шығатынын да болжай алады. Осы сұрыптаудың нәтижесінде жануарлардың белгілері өзгеріп, адам қажетіне керек, жабайы ата тегінен өзгеше, жаңа түрлері пайда болады. Сұрыптаудың шығармашылық маңызы осында. Қолдан сұрыптаудың екі түрі бар. Ол — жаппай және жеке сұрыптау. Жаппай сұрыптау деп фенотипі (сыртқы белгілері, қасиеттері) бойынша сұрыптауды айтады. Мұнда генотип есепке алынбайды, фенотип жағынан бірдей даралардың тобын іріктейді. Жеке сұрыптау кезінде жекеленген өсімдіктің немесе жануарлардың біреуін іріктеп, оның ұрпақтарының генотипін зерттейді. Ұрпақтарына бағалы, қажетті қасиеттер мен белгілерін тұрақты беретін дараларды сұрыптайды. Жеке сұрыптаудың маңызы генотипі жағынан бағалы бір дарадан көп ұрпақ алуға болатынында. Будандастыру әдісі.
Өсімдіктердің сорттарын, жануарлардың жаңа тұқымын шығару үшін будандастыру әдісін қолданады. Олар туыстық будандастыру (инбридинг) және туыстық емес будандастыру (аутбридинг) болып бөлінеді. Туыстық будандастыру немесе инбридинг будандастыруда туылған ұрпақта гендердің гомозиготалы күйге ауысуына байланысты гомозиготалы даралардың үлесі арта түседі.
Етті бағыттағы қолтұқымдар. Бұл бағытта Қазақстанда кеңінен таралған қолтұқымға қазақтың ақбас сиыры жатады. Қолтұқым жергілікті қазақ, қалмақ сиырларын Англиядан әкелінген герефорд бұқаларымен жұптастыру арқылы шығарылған. Түгі қызыл, басы ақ, бүкіл денесінде ақ түсті дақтар бар. Жазда жүні қысқа және біртегіс жалтылдап тұрады. Қыста жүні ұзын, әрі тығыз болып өседі. Бұқаларының салмағы 850–1000 кг, сиырлары 500–550 кг тартады. Күтімі жақсы болса, 1,5 жастағы тайыншаларының салмағы 450– 470 килограмға дейін жетеді. Сиырдың бұл қолтұқымы Батыс Қазақстан өңірінде көбірек өсіріледі.
Жабайы жануарлар бұдан 10–15 мың жыл бұрын қолға үйретіле бастаған. Оны жүзеге асыру үшін адамдар көбінесе олардың жас төлдерін қолға үйретуге ұмтылған. Бұл іс белгілі бір мақсатқа сай жүргізіліп отырған. Ең алғаш қолға үйретілген жануар – ит. Оның арғы тегі – жабайы қасқыр. Итті адамдар алғаш аң аулау үшін, өзіне көмекші ретінде және етін пайдалану үшін қолға үйреткен.
Жабайы жануарларды қолға үйрету орталықтарын анықтап, ғылыми пікір ұсынған орыстың атақты ғалымы, академик Николай Иванович Вавилов (1887–1943). Н. И. Вавилов еңбектерінің негізінде қолға үйретілген үй хайуанаттарының негізгі 6 мәдени орталықтары анықталды.
Қазақстан жерінің табиғи ерекшелігі де төрт түлік малды өсіруге өте қолайлы. Төрт түлікке негізделген мал шаруашылығының қыры мен сырын, қазақ халқы жақсы біледі. Ол ғасырлар бойы мал өсірумен айналысқан халықтың өмір тәжірибесі, соның бұлтартпас айғағы. 1910 жылы Міржақып Дулатов «Апат төнгелі тұр» деген мақаласында, халқымыздың өмірінде төрт түліктің алатын орнын атап көрсеткен. «Оның барлық мүддесі мал төңірегінде, игілікті өмірге қолын жеткізетін иен дәулеті де осы мал байлығы» – деп жазды. «Төрт түлік» деп халқымыз негізінен жылқы, түйе, сиыр, қой малдарын атайды. Ешкіні кейде қой-ешкі деп, екеуін бір түлікке санайды.
Ірі қара шаруашылығы – мал шаруашылығының өнімді көп беретін саласы. Ірі қараның арғы тегі ертеде Еуразия құрлығының далалы, орманды-далалы өңірінде таралған жабайы тур. Ол бұдан 7–10 мың жыл бұрын Жерорта теңізі маңындағы елдерде қолға үйретілген. Ірі тұлғалы, денесінің биіктігі 2 м шамасында, мүйізі алға қарай бағытталып, ұзын болып келеді. Ерте кездерде көп аулағандықтан, турлар саны азайып, ХVІІ ғасырдың басында біржола жойылып кеткен.
Сиыр – сүтқоректілер класының жұптұяқтылар отрядына жататын күдір тұқымдастар өкілі. Қазіргі кезде дүние жүзінде сиырдың 250-ге жуық әр түрлі қолтұқымдары өсіріледі.
Сиырдың еті, сүті және терісі басқа да өнімдері күнделікті тұрмысымызда қажетімізді өтеп келеді. «Сиыр – бір үйдің асыраушысы» деген сөз бекер айтылмаса керек. Сиырдың пірі – Зеңгібаба. Мүшелдік жыл санауда сиыр – екінші жыл.
Қырдың қызыл сиыры. Қолтұқым XVІІІ ғасырдың соңында Украинаның далалы аймағында (Запорожье өңірінде) шығарылған. Сиырлардан жылына орта есеппен 3 800–4 500 л сүт сауылады. Сүтінің майлылығы 3,6–3,8 пайыз. Жаздың құрғақ ауа райына бейімделген. Қырдың қызыл сиыры Қазақстаннан басқа Ресейдің еуропалық бөлігінің оңтүстігінде, Батыс Сібірде таралған.
Әулиеата сиыры. Қолтұқым XІX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қырғызстан мен Жамбыл өңірінде шығарылған. Жергілікті сиырларды голланд қолтұқымының бұқаларымен ұрықтандыру арқылы алынған. Дене тұлғасы ұзынша, басы – шағын, мойны – жіңішке, қатпарлы, мүйізі – қысқа, түсі – қарала. Жылына орта есеппен 3 000–3 800 л сүт береді. Қолтұқым оңтүстіктегі таулы аймақтың құрғақ әрі ыстық ауа райына шыдамды келеді.
Алатау сиыры сүтті, етті бағытта өсірілетін қолтұқымға жатады. Ол ХХ ғасырдың 30–50 жылдарында жергілікті сиырларды швиц, кострома тұқымының бұқаларымен ұрықтандыру арқылы алынған. Сиырларының басы үлкен, тұмсығы сүйірлеу, кеудесі ауқымды, жалпақ, арқасы біртегіс. Денесінің артқы жағы сәл көтеріңкілеу келеді. Бұл – таулы аймақ малдарына тән қасиет. Желіні тегеш пішінді. Түсі қоңырқай. Етінің сапалық қасиеті жоғары. Тез жетіледі, тайыншаларының салмағы 500–550 кг. Алатау сиыры Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан өңірінің таулы аймақтарында өсіріледі.
Қазақтың ақбас сиырының бұқасы
Қазақтың ақбас сиыры
- Сүтті, етті бағытта өсірілетін қолтұқымды ата:
- Ірі қараның арғы тегі:
- «Апат төнгелі тұр» деген мақаласында, халқымыздың өмірінде төрт түліктің алатын орнын атап көрсеткен кім.
- Жабайы жануарларды қолға үйрету орталықтарын анықтап, ғылыми пікір ұсынған орыстың атақты ғалымы:
- Иттің арғы тегі:
- XІX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қырғызстан мен Жамбыл өңірінде шығарылған қолтұқым:
- XVІІІ ғасырдың соңында Украинаның Запорожье өңірінде шығарылған қолтұқымды ата:
- Сүтқоректілер класының жұптұяқтылар отрядына жататын күдір тұқымдастар өкілін көрсет:
-
Б.М.Мусин, Н.З.Ғалиакбеков шығарған сиырдың етті тұқымын атаңыз?
-
Алатау сиыры кімнің басшылығымен шығарылды?