Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаратылыстану философиясы

Конспект

Әлеуметтануда «қоғам» түсінігі негізгі ұғымдар қатарына жатады. Социология қоғам туралы жалпылама ғылым ретінде адам қоғамы қалай құрылатынын, жүйе ретінде қалай қалыптасатынын зерттейді. Сондықтан қоғам түсінігінің анықтамасын ашып алу маңызды. Ұзақ уақыт бойы батыстың әлеуметтік ойшылдары қоғамды мемлекетке теңестіріп қараған. Платон бірінші болып қоғам және мемлекет ұғымдарының айырмасын анықтауға талпыныстың үлгісін берді. Ол мемлекеттің қажеттілігін әбден айқын «саяси емес» талаптармен байланыстырады. Адамдардың өзара жәрдем мен маңызды қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін бірлесіп қоныстануын ол мемлекет деп атайды. Қоғамды құрушы құрамдас бөліктері: халықты, жерді сыртқы жаудан қорғау, елдің ішкі тәртібін сақтау мемлекеттің атқаратын міндетті істерінің қазіргі ұғымында таза саяси болып саналады.

Аристотель өз ұстазының қоғамды мемлекеттік-саяси құрылымдау туралы ойларын билік пен үстемдік тұрғысынан зерделейді. Сондықтан әлеуметтік байланыстың негізгі түрін «үстемдік бағынушылық» қатынасына теңейді. «Билік жүргізу мен бағыну» туралы жазған Аристотель бұл қасиеттердің қажеттілік қана емес, пайдалы да екенін өйткені адамдардың табиғатына бағыну және үстемдік ету тән екенін жазады. Қоғамда саяси қатынастардан басқа әлеуметтік байланыстар да бар. Бұл – достық қарым-қатынас, бір-біріне тәуелсіз адамдардың өзара қатынасының ең жоғарғы түрі. Бірақ достықты жеке бас пайдасы үшін де пайдалану бар. Сондықтан отбасылық және мемлекеттік байланысты достықтың өзгеше түрі ретінде пайымдаған жөн.

Кейін әлеуметтік философияда қоғамды табиғи күй тұжырымдамасы тұрғысынан қарайтын болды. Бірақ Т. Гоббс қоғам мен мемлекетті дәстүрлі теңестіруге негіздейді. Ол мемлекетті «жасанды дене», құдайдың орнатуы емес, адамзаттың іс-әрекетінің нәтижесі деп анықтаған. Философтың ойынша мемлекет адамдар бытыраңкы өмір сүрген және «барлығының барлығына қарсы соғысы» жағдайында болған «табиғи» күйден қоғамдық келісімге келу негізінде пайда болды. Қоғамдық келісім нәтижесінде өз еркіндігін ерікті түрде шектеген жеке азаматтардың құқығы бейбітшілікті сақтау және азаматтарды қорғау функциясы берілген мемлекет басшысына немесе мемлекеттік органдарға беріледі. Гоббстын ойынша, қоғамдық келісім бір уақытта мемлекеттің және қоғамның пайда болуына әкеп соғады. Т. Гоббстың бұрынғы ойшылдардан айырмашылығы – мемлекеттік шарттың (билік иесі мен азаматтардың арасында) орнына қоғамдық шартты (азаматтардың өздерінің араларында) қойғанында.

17-18 ғғ. қоғамды түсіндірудің екі амалы айқын қалыптасқан кезең болды. Ойшылдардың бір шоғыры қоғамды жасанды құрылым ретінде алып қарайды, өйткені адамдардың табиғи бейімдері онымен үйлеспейді. Қарама-қарсы тұжырымдамаларды жасаушылар қоғамды адамдардың табиғи, қоғамдық сипат алатын ынталары мен сезімдерін дамытушы әрі білдіруші деп таниды. Осыған сай екі көзқарас та табиғи дегенді де екі түрлі пайымдайды: не айуандық, не қоғамдық ретінде.

А. Смит қоғамды еңбек бөлінісінен шығатын еңбектің және айырбастың одағы деп атайды. Байланыстың бұл түрінде адамдар өзі үшін еңбек еткенімен қоймай басқалар үшін де еңбек етуге мәжбүр болады, яғни қандай мақсатпен дәлелденсе де өнімді еңбек қоғам үшін игілікті. Бірақ А. Смит еңбек бөлінісінің өнеркәсібі дамыған ұлттардың антропологиялық күйіне өте жағымсыз із қалдыратынын атап көрсетті: еңбек бөлінісі тудырған біржақтылықтың құрбандығына ақыл зеректігі, сезімнің көтеріңкілігі, жеке өмірдің өнегелілігі шалынады. Одан шығатын бір жол бар, ол – халыққа білім тарату.

О. Конт қоғам әлеуметтануында психология, саяси экономика, этика және философия тарихының түсініктері мен тәсілнамалық амалдарын ұштастырып, біріктіріп қолданады. Қоғамдық өркендеудің мәнін адамгершілік сезімдердің табиғи дамуының нәтижесі ретінде ашып көрсеткен ол қоғамның шығуын бұрынғыдай адам денесімен емес, адамзаттың ақыл-ойының дамуымен байланыстырады. Осы адамгершілік сезімдер қоғамның бөлшектерін – отбасын, халықты, ұлтты, бүкіл адамзатты және қоғамның әлеуметтік тәртіп туралы ойларын өздігінен жұмыс істейтін тетік ретінде біріктіреді. Сондықтан ол барлық әлеуметтік құбылысты «жалпы өркениеттің жағдайымен» байланыстырып қараудың қажеттілігіне ерекше көңіл аударады. Осыдан әлеуметтік құрылым міндеттерінін жіктелуін зерттейді.

Неміс әлеуметтанушысы Ф. Теннис (1855-1936 жж.) жасаған қоғамның тұжырымдамасында әлеуметтік қатынастардың әрқайсысы адамдардың бірлесіп өмір сүруге бағытталған жігерінің негізінде болатынын көрсетеді. Ф.Теннис саяси қатысу мəселесін қоғамның дамуымен байланыстырады. Ф. Теннистің пікірінше, қоғам дамуы барысында «қауымдастық дəуірі» мен «қоғам дəуірін» өткереді. Бірінші дəуірінде негізгі субъект қауымдастық болады. Екінші дəуірінде субъект мемлекет болады. Т. Гоббстың «табиғи күй» ретіндегі «барлығының барлығына қарсы соғысы» туралы түсінігі әлеуметтік байланыстардың тек қана бір түрін көрсетеді деген Теннис адамның еркі, шындығында, бір-бірімен түрлі қатынастарда болатынын айтады. Олардың өзара әрекеті басқнаның еркін жоюды ғана емес, оны қолдауды да білдіреді. Тарихи даму барысында қоғамның алғашқы сатыларында отбасылық, көршілестік, жолдастық, қауымдық қарым-қатынастар басым болады, олар өзіндік құндылығымен, табиғилығымен ерекшеленеді. Бірақ бұл қауымдастықтың орнына барған сайын пайдакүнемдік, ұтымды есепке негізделген қоғамдық қатынастар қалыптасады. Ақыл-парасатқа негізделген есеп, надандықтың өркендеуі әлеуметтік байланыстарды сақтаушылар үшін кездейсоқ болуға айналады. Бұның жоғарғы көрінісі әмбебап қоғам мен әмбебап мемлекет тұжырымдамасында бейнеленеді.



Қате туралы хабарландыру