Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Адамның қызметі

Конспект

Адамның табиғатқа қатынасы еңбектің бір ұшын ғана көрсетеді. Ол қоршаған ортаны жаңарта отырып, өзінің де табиғатын жасампаздықпен өзгертеді. Философиялық түрғыдан алып қарағанда, сыртқы дүниенің өзгеруінің өзі, ең алдымен, заттарды адамдардың қажетіне қарай икемдеу болып шығар еді. Бұдан еңбектің құрылымына адамның мақсаты, қызметі, еңбек құралдары және сол еңбектің нәтижелері кіретінін көруге болады. Адамның еңбек етуі – адамның өмір сүру құралы мен оның өмірлік қызметін жандандыратын әдіс болып саналатын үздіксіз тарихи үдеріс. Адамға қажетті игіліктер табиғатта дайын тұрмайды. Қажеттілік белгілі бір шекке жеткенде немесе ол қажеттіліктер өтелмей, өміріне қауіп төнетіндей жағдайға жеткенде адам еңбек етеді. Бұл адам атаулының бар қажеттілігі өтеліп тұрса, онда ол еңбек етуді де доғарады деген сөз. Оның мәнін түсіну үшін төменгі екі факторға зер салу керек. Біріншіден, адамның қажеттілігінің шегі жоқ, оны толық өтеу мүмкін емес. Екіншіден, адамның кез келген әрекеті еңбек емес. Өндіріске тікелей қатысып, материалдық игілік өндірмесе, адамның тамақ жасап ішуін, кино, концерт көруін немесе қала сыртына демалуға баруын өндірістік еңбектің жалғасы ретінде қарастыруға болмайды. Бұлар адамның жеке басының материалдық және рухани қажеттілігін өтеуге бағытталған әрекет түрі. Адамның еңбек етуінің өзі – тарихи үдеріс, ол ешқашан тоқтамайды, жалғаса береді. Еңбек – қоғам мүшелерінің, алдымен, тәни өмір сүруінің кепілі ретінде көрініс береді. Еңбектің тағы бір қыры адамдардың табиғатқа қатынасының қоғамдық сипатынан көрініс береді. Еңбек және өндіріс – біртұтас, сонымен қоса олар бір-бірінен өзгеше. Сыртқы дүниеге адамдардың қатынасы тұрғысынан алып қарағанда еңбек жасампаздықпен өзгерту болса, өндіріс – сыртқы дүниені өзгертудің нәтижесі және өнімі. Түрлі тарихи даму жағдайларында еңбек түрліше формаларда көрініс береді.

Алғашқы қауымдық құрылыс кезінде жалпы қауымдық еңбек және өндіріс құралдары мен өндірілген өнімге рулық-қауымдық меншік болды.

Адамзат мәдениетінің дамуы еңбек адамын рухани және тәни езгіге түсірудің үнемі дамып отыратын, нәзік және жетілген түрлерімен қабаттаса жүретінін көрсетті. Қызмет деп қоршаған дүниені мақсатты өзгертуге және жаңғыртуға бағытталған, онымен белсенді қатынас жасаудың тек адамға тән формасын айтамыз. Қызметтің көптеген түрі бар, олар – рухани, материалдық, өндірістік, еңбекті және еңбексіз болып бөлінеді.

Адам қызметінің мақсаты – көзделген нәтижені алдын ала анықтау. Адамның мақсаты дұрыс және оған жетер жолы адал болу керек. Адамды белгілі бір әрекетке итермелейтін себеп болу керек. Ол қозғаушы күш мотив деп аталады. Мотив (франц. motif – себеп, итермелеу) дегеніміз – субъектінің өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған әрекетке қосылуы; субъектіні белсенділікке келтіретін және оның бағытын айқындайтын сыртқы немесе ішкі жағдайлардың жиынтығы, тұлғаның саналы әрекетінің негізі мен себебі. Осындай потенциалды мотивтер арқылы сол қоғамға тән обьективті құндылықтар, мүдделер мен мұраттар алға шығады. Адамның өмірлік тіршілігі тек материалдық игіліктер жинауға арналмайтынын естен шығаруға болмайды. Адамның іс-әрекетке ынтасын оятатын мотивтер оның ружани қажеттіліктерден туындауымен түсіндіріледі. Адам табиғатынан білімге, ғылымға құмар. Қоршаған дүниені танып-білуге құштарлық тек адамға ғана тән және оны үнемі прогреске жетелеп отыратын факторлардың негізгісі болса керек. Негізінде адамға материалдық азықтан гөрі рухани азық көбірек керек.



Қате туралы хабарландыру