
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Сал-серілер (әнші-ақындар) шығармашылығының әдебиет пен өнерге қосқан үлесі қандай? (350 сөз)
Қазақ тарихында өнер мен әдебиет туын қатар көтерген, ерекше дәстүрімен танылған шоқжұлдыздар шоғыры – сал-серілер. Олардың шығармашылығы ерекше сипатқа ие: олар – фольклор, әдебиет, театр, цирк өнерлерін ұштастырған дарынды жандар. Міне, сол себепті де олардың шығармашылығы қазақ өнері мен әдебиетінің дамуына жан-жақты үлес қосты. Өзі әнші, өзі ақын әрі сазгер сал-серілердің еркін де өр мінезді поэзиясы, ән әуені мен орындау шеберлігі, өзіндік сән-салтанаты қазақ мәдениетінде айрықша орын алады. Сал-серілер дала халқы үшін көшпелі театр, сан қырлы цирк өнерінің өкілдері сипатында айрықша құрметке ие болған.
Сал-серілер шығармашылығының жан-жақтылығына тоқталсақ, ең алдымен, сал-серілер – қазақ поэзиясының жарқын өкілдері. Олар өз кезеңіндегі қоғамдық-әлеуметтік тақырыптарды көтерген, өзінің азаматтық үнін таныта білген әдебиет өкілдері. Адамгершілік ар-ұжданын байлық пен атақтан жоғары қоятын рухты жандар. Олардың сом алтындай сұрыпталған сөздері алмас қылыштай осып түседі. Мәселен, Жаяу Мұсаның «Ақсиса», Біржан салдың «Жанбота», Мәдидің «Қаракесегі» – әлеуметтік теңсіздіктен туған зорлық пен әділетсіздікке қарсы күрес жырлары, сана көтерілісі. Сонымен қатар, олардың жырлары – халықтың тұрмыс-тіршілігін, этнографиялық ерекшеліктерін де танытатын арна, тарих тынысы. Ұлттық дүниетаным, сыршыл сезімге толы Әсеттің «Інжу-маржаны», Ыбырайдың «Гәккуі» мен «Қалдырғаны», Ақанның «Балқадишасы» мен «Сырымбеті», Естайдың «Қорлан», «Назқоңыры», қазақтың атбегілік, құсбегілік өнерлерінен хабар беретін Ақан серінің «Маңмаңгер», «Құлагер», «Қараторғайлары» – бағалы туындылар.
Екіншіден, олар – өз өлеңдерін өздері әнмен өрлеп, өздері орындайтын музыка өнерінің майталмандары. Олардың әр туындысы – кем-кетігі жоқ классикалық өнер туындысы. Әлемдік өнер туындыларымен иық теңестіре алады. Дүниенің тылсымына ертетін қоңыр әуен де, еліктірер ерке саз да бар туындылар ғасырлар бойы халықпен бірге жасап келе жатыр. Олардың шығармалары дәстүрлі ән ретінде де, эстрадаға өңделген ән ретінде де өз бояуын, өз тыңдарманын жоғалтпай келеді.
Үшіншіден, сал-серілер қазақ мәдениетін, салтанатын, келісті талғамын таныта білген. Киім кию үлгілері, оларға ерген топтың көркемдігі мен өзіндік салт-дәстүрін қалыптастыру талғамы, халықтың ортасында өнер көрсетудің жан-жақтылығын назарда ұстауы – сөзімізге дәлел. Қастарына кір тасын көтеретін, күресетін немесе ат үстінде өнер көрсететін жандардың топтастырылуы, киім ғана емес, жылқылары да бір түсті болуы – түрлі өнерді түйістірген құбылыс, халық өнерінің тұтас сипаты.
Ойымызды қорытындылайтын болсақ, сал-серілер – Е. Ысмаиловтың сөзімен айтқанда «халықтық өнер адамдары». Олар – ауыз әдебиетінің синкреттілік сипатын заманауи жаңашылдықпен әрлеген жоғары шығармашылық адамдары. Бүгінгі заман тілімен айтқанда музыка, дизайн, цирк өнерін біріктіріп, өз тыңдарманына шоу ұйымдастырып, өз заманының өнерін жаңа сатыға көтерген, халқына ерен еңбек сіңірген өнер өкілдері.
(350)