Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Арман қала – Астана (350 сөз)

Конспект

1998 жылы қазақ елінің астанасы Сарыарқа төріне көшірілді. Ерте заманда Бозоқ қаласы, кейінде Ақмола деп аталынған қала мемлекеттік мәртебеге ие Астана атауымен тарихқа енді. Сол күннен бастап Астана елдің болашағына деген сенім мен мүдделі мақсаттар орындалатын армандар қаласына айналды. Қазақстандықтар Елорданы тәуелсіздік нышаны ретінде мақтан тұтады.

Арман қала күннен-күнге көркейіп жатыр. Қала сәулеті, адамдар қажеттілігі мен қоғамның тыныс тіршілігі – бәрі де басты назарда. Елбасы ғылым мен техниканың мүмкіндіктері және заманауи технологияларды қолдана отырып, Астананы көркейтуге, дамытуға баса назар аударп отыр.

Астананың нышаны – Бәйтерек! Оның әр өрнегі, әр бөлшегінде ерекше мазмұн бар. Биіктігі – 97 метр, аумағы – 22 метр. Темірден, шыныдан, бетоннан орнатылған алып бәйтеректі көргенде заманауи ерекшелікті байқайсың. Ол – жаңа ғасыр туындысы. Металл конструкцияның биіктігі 105 метр, салмағы 1000 тоннадан асады. Ол жерге қадалған 500 қадаға орнатылған. Салмағы 300 тонналық «хамелеон» әйнегінен жасалған шар Астананың көркін келтіріп тұрған көркем дүние болып есептеледі. Алып бәйтерек ертегіде самұрық құстың балапандарына пана болса, шын өмірде Ұлы дала ұландарының армандарын аялайды.

Астананың табиғаты – ғажайып құбылыс. Боранды-бұрқасынды өлке өз ұрпағын шынықтыруды көздейтін ана сияқты. Арыны қатты желінің қай жақтан, қашан соғатынын, қашан тоқтайтынын біле алмайсың. Осы мәселелер ескеріліп бұл қалада іскер жобалар жүзеге асырылды. Ең алдымен, ұйытқыған боранға қалқа болар «жасыл белдеу – орманды қамал» бой көтерді. Ағаштар арасына табиғаттың төл перзенттері – аң-құстар жіберілді. Екіншіден, қарлы өлкенің ханшайымының өзіне тән ерекшелігін барынша пайдалану ойластырылды. Қыс мезгіліне тән құбылыстарды қолдану идеясының нәтижелері – есіңізден еш кетпейтін Есілдегі шаңғы серуені, Ақбұлақтағы мұзайдыны, мұзды қалашықтағы  мүсіндер.

Қазіргі Астана – бүгінгі қазақ елінің мәдени-рухани келбетін танытатын көрікті қала, алыс-жақын шетелдерден келген туристердің сүйікті орны. Сәулетті құрылыс кешендері уақыт санап көбейіп келеді. ЭКСПО қалашығы, «Атамекен», «Қазақстан картасы этномемориалдық кешені», ойын-сауық орталықтары, Қ. Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры және тағы басқалары – сұлулығы бірінен-бірі өтетін көрнекті орындар. Қаланың келген қонақтарға мәдени демалысты молынан сыйлау  – өнерді құрметтейтін халқымыздың дәстүр жалғастығы.

Елорда – бейбітшілік пен бақыт мекені. 130-ға жуық ұлт пен ұлыс бірлігі – Қазақстанның елдік рухы, сындарлы саясатының нәтижесі. Астана  өзін мекендеген, өзін бір көруге ынтыққан бар адамға арман әлемін сыйлайды.

Қорыта айтқанда, Еуразия кіндігіне орналасқан ару қала бүгінде бейбітшілік пен бітім қаласы, болашақта бүкіл әлем көз тіккен, әлем халықтарының арманына айналатын қала болады деп сенемін.

(350)



Қате туралы хабарландыру