Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

VI тарау. Желілі жануарларды жіктеу. Қандауырша

Конспект

Желілілер (хордовые) типі – жануарлар дүниесінің тарихи дамуындағы ең жоғарғы топ. Арқа жағында ішкі қаңқаның қызметін атқаратын желісі болғандықтан, олар желілілер деп аталған. Желілілер сыртқы пішіні, тіршілік әрекеті, мекен ортасы әр түрлі жануарлардан құралады. 40–45 мыңдай түрі бар. Олар құрлықта, топырақта, суда, ағаш басында мекендейді. Ауада ұшып тіршілік ететін түрлері де бар.

 

Желілілерге қандауыршалар, балықтар, қосмекенділер, жорғалаушылар, құстар және сүтқоректілер жатады. Ең кішілерінің дене тұрқы 0,5 мм, ал үлкені 33 метрге жетеді. Жұтқыншақтың екі бүйірінде көптеген желбезек саңылаулары орналасқан. Төменгі сатыдағы желілілерде желбезек саңылаулары өмір бойы сақталады. Құрлықта тіршілік ететін желілілерде желбезек саңылауларының орнына өкпе пайда болады.

 

Қанайналым жүйесі – тұйық.

 

Дене құрылысында, тіршілік әрекетінде омыртқасыз жануарларға (жәндіктерге) ұқсас белгілері де кездеседі. Қанайналымының тұйық, денесінің үш қабатты болуы сондай белгілерге жатады.

Желілілердің үш тип тармағы бар. Олар: бассүйексіздер, қабықтылар және омыртқалылар.

 

Бассүйексіздер тип тармағының өкілі. Қандауырша. Қандауырша – омыртқасы жоқ желілі жануар. Онда желі, жүйке түтігі және желбезек саңылаулары өмір бойы сақталады.

 

Қандауыршаның дене тұрқы 5–8 см. Денесі екі бүйірінен қысыңқы. Арқа жүзбеқанаты тұтас әрі жіңішке. Ол тікелей құйрық және құйрықасты жүзбеқанаттарымен тұтасып кеткен. Құйрық жүзбеқанатының пішіні медицина құралы – қандауырға ұқсас болғандықтан, қандауырша деп аталған. Желбезек саңылауларын жұқа тері қатпары жабады.

Оның артқы жағында желбезек саңылауларын су шайып шығатын арнайы тесік бар. Тері қатпардың алдыңғы жағы тікелей ауыз алды қуысына жалғасады. Ауыз алды қуысының айналасында бірнеше жұп қармалауыштар орналасқан. Қармалауыштар суды үнемі ауыз қуысына өткізіп тұрады.

 

Қандауыршаның терісі жұқа. Оның сыртқы қабаты – эпидермис. Ол грекше «эпи» – сырты, «дерма» – тері, яғни сыртқы тері қабаты деген ұғымды білдіреді. Терінің ішкі қабаты нағыз тері деп аталады. Қандауыршаның өзіне тән ерекшелік – терісінің сыртында жұқа сірқабықтың (кутикуланың) болуы.

 

Қандауыршада қаңқаның қызметін әрі тығыз, әрі серпімді желі атқарады.

Арқа және құрсақ бұлшықеттері таспа тәрізді созылып жатады. Бұлшықеттерінің жиырылуы арқылы қандауырша бір орыннан екінші жерге баяу қозғалады. Асқорыту жүйесі ауыз алды қуысынан басталады. Аузы көлемді жұтқыншақпен байланысқан. Жұтқыншақтың екі бүйірінде көптеген желбезек саңылаулары орналасқан. Қандауыршаның жұтқыншағы асқорыту және тынысалу қызметін атқарады. Жұтқыншақ тікелей қысқа ішекке жалғасады да, артқы тесікпен аяқталады.

 

Ауыз қуысының айналасындағы ұсақ қармалауыштары үнемі қозғалып, суды ауыз қуысына өткізеді. Сумен бірге ұсақ қарапайымдар жұтқыншаққа, одан ішекке өтіп, қорытылады. Қорытылмай қалған қалдық заттар аналь тесігі арқылы сыртқа шығарылады.

 

Жұтқыншақтың екі бүйіріндегі желбезек саңылауларында суда еріген оттегі қанға өтеді. Ол қан арқылы бүкіл денеге таралады.

 

 

Қандауыршаның ішкі құрылысы: 1 – ауыз төңірегіндегі қармалауыштар; 2 – желбезек саңылаулары бар жұтқыншақ; 3 – желі; 4 – жүйке түтігі; 5 – бауыр өскіні; 6 – жыныс бездері; 7 – ішек; 9 – аналь тесігі

 

Қандауыршада жүрек болмайды, оның қызметін арқа және құрсақ қантамырлары атқарады. Қаны – түссіз. Қанайналым жүйесі – тұйық. Қандауыршаның құрсақ қантамырында көмірқышқыл газына қаныққан қан желбезек саңылауларына барады. Желбезек саңылауларындағы ұсақ қантамырларында қан оттегімен қанығады да, бүкіл денеге таралады.

Қандауырша жұтқыншағының маңында зәршығару түтікшелері орналасқан. Олардың бір ұшы дене қуысына, екінші ұшы жұтқыншақ маңындағы қуысқа ашылады. Қажетсіз қалдықтар сумен бірге арнайы тесік арқылы сыртқа шығарылады.

 

Орталық жүйке жүйесінің қызметін жүйке түтігі атқарады. Жүйке түтігі желінің үстіңгі жағында ұзынынан созылып жатады. Одан бүкіл денесіне ұсақ жүйке талшықтары тарайды.

 

Қандауыршаның жүйке түтігінің әр жерінде сезімтал жасушалар шоғырланып орналасқан. Олар жарықты ғана сезеді. Сезімтал жасушалар терісінде де бар. Басқа сезім мүшелері дамымаған.

 

Қандауырша – дара жынысты жануар. Көптеген ұсақ жыныс бездері жұтқыншақ маңында орналасқан. Жетілген жыныс жасушалар жұтқыншақ маңындағы сумен бірге сыртқа шығарылады. Ұрықтану суда жүреді, яғни сырттай ұрықтанады.

 

Қандауырша екі-үш жылда жыныстық жағынан жетіледі. Жыныс жасушалары бөлшектену арқылы дамиды. Дернәсілдері су ішінде үш айдай кірпікшелерімен еркін жүзе алады. Олар жыртқыштықпен қоректенеді. Дернәсілдердің кірпікшелері бірте-бірте жойылады. Су түбіндегі құмға құйрық жағымен жартылай батып, бір орында тіршілік етеді. Қандауыршаның көбеюі мен дамуын көрнекті орыс ғалымы А. О. Ковалевский (1840–1901) зерттеді. Ол қандауыршаның басқа омыртқалы жануарлармен туыстық жақын екенін дәлелдеп берді.

Қандауыршалар Атлант, Тынық мұхиттарының жылы теңіздерінде 10–30 м тереңдікте тіршілік етеді. Кейбір түрлері су ағынымен бірге басқа аймақтарға таралады.

 

Теңіз жағалауындағы тұрғындар қандауыршаларды теңіз түбіндегі құм арасынан сүзіп алып, тағам ретінде пайдаланады. Дене құрамында нәруыз мол болады.



Сұрақтар
  1. Қандауыршада болмайды:

  2. Жануарлар дүниесінің тарихи дамуындағы ең жоғарғы топ:
  3. Омыртқасы жоқ желілі жануар:

  4. Қандауыршаның өзіне тән ерекшелігі:
  5. Қандауырша жұтқыншағының маңында орналасқан:
  6. Қандауыршада орталық жүйке жүйесінің қызметін:
  7. Қандауыршаның қан айналым жүйесі

  8. Қандауыршаға тән белгі

Қате туралы хабарландыру