Астанада өткен мемлекеттік мектеп директорларының форумында орта, қосымша, инклюзивті және арнайы білім беру, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесінің өзекті мәселелері талқыланды. Жиынға Абай, Ұлытау, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының 800-ге жуық мектеп басшысы қатысты.
Мектеп директорлары күні бойы білім сапасын арттыруға қатысты тәжірибе алмасып, білім-біліктіліктерін жетілдірді. Атап айтқанда, менеджердің басқару құзыреттері, кадрлық әлеуетті дамыту, PISA-2022 нәтижелері және білім беру саласындағы маңызды басымдықтар бойынша тренингтер ұйымдастырылды. TEDx форматындағы интерактивті сессияға ҚР
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Ол білім сапасын одан әрі арттыруға негізделген бес негізгі бағытқа тоқталды. Атап айтқанда: менеджментті нығайту және басшылардың кадрлық резервін қалыптастыру, педагогтарды даярлау және қайта даярлау тәсілдерін жетілдіру, оқу бағдарламаларын жаңарту, инфрақұрылымды кешенді жақсарту, сапаны бағалаудың ұлттық жүйесін трансформациялау.
«Табысқа жетудің бірден бір жолы және басты құралы – сапалы білім. Осы бес бағыттың әрқайсысы отандық білім жүйесін заманға сай жақсартуды көздейді. Бұл ретте саналы және прогрессивті ұрпақты тәрбиелеуге қабілетті мұғалімдерге сенім арталады. Бүгінде министрлік педагогтарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру тәсілдерін жетілдіру жұмыстарын жүргізуде. Педагогикалық мамандықтардың соңғы курстарында оқып жатқан студенттердің білім ошақтарында тәжірибеден өту мүмкіндігі қарастырылуда. Педагогтерді аттестаттау тетігі қайта қаралып жатыр. Ұлттық платформа арқылы процесті автоматтандыру көзделген», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі.
Айта кетейік, платформа білім беру ұйымы туралы мәліметтерді, педагогтың жетістіктері, білім алушылардың үлгерімі мен білім сапасын және т.б. көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін министр Астана және Алматы қалаларының, Түркістан, Алматы, Жетісу, Ақмола, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының мектеп директорларымен кездесулер өткізген болатын. Бұндай басқосулар еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады. Барлығы орта білім беру ұйымдарының алты мыңға жуық басшыларын қамту жоспарлануда.