Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысы туралы баяндады.
Ведомство басшысының айтуынша, жобаны жүзеге асыруға отандық тауар өндірушілер қатыстырылады. Ол үшін Үкімет «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
«Салалық қауымдастық өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған қосымша шаралар қабылданды. Құрылыс материалдары мен жиһаздар тек отандық тауар өндірушілерден сатып алынатын болады. Бұл ретте сыртқы қасбеттерді безендіруде қолданылатын материалдар негізінен отандық өндірістің өнімі болады. Қосымша қолдау шарасы ретінде тиімді негіздегі алдын ала келісімшарттарды қолдану көзделіп отыр», - деді министр.
Бүгінгі таңда Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірге салынып жатқан мектептерді жабдықтау үшін жиһаздар мен құрал-жабдықтарға қажетті барлық техникалық сипаттамаларды белгіледі. Жобаны сапалы іске асыру үшін мониторинг жүргізілетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Оның аясында 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп салу жоспарлануда. Бұл жоба елдегі апатты мектептер мен үш ауысымды оқыту мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.