Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен Қожахмет Жәдігер Әлішерұлы Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту бойынша ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры қызметіне тағайындалды.
Еңбек жолын 2014 жылы әділет органдарында бастап, 2020 жылға дейін сарапшы және бөлім басшысы лауазымдарында қызмет атқарған.
2020–2022 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінде бас сарапшы және Құқықтық қамтамасыз ету басқармасының басшысы болды.
2022 жылы Жоғары аудиторлық палатада бас консультант қызметін атқарды.
2023–2024 жылдары ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясында Әкімшілік-құқықтық мәселелер департаментінің директоры қызметін атқарды.
2024 жылдың желтоқсан айынан бастап ҚР Оқу-ағарту министрлігі Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті директорының орынбасары қызметін атқарып келді.
Меритократия қағидаты негізінде Жәдігер Қожахмет ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ директоры қызметіне тағайындалды.
Жаңа қызметінде Жәдігер Қожахмет еліміздегі арнайы және инклюзивті білім беру жүйесін одан әрі жетілдіруге, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолжетімді әрі сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға жауапты болады.
Сонымен қатар, Жәдігер Қожахмет ерекше білім беру қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған әке ретінде аталған саланың маңызын терең түсінеді және инклюзивті білім беруді дамыту мәселесіне жеке тәжірибесі мен кәсіби жауапкершілігін ұштастырады.