Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДАҒА 90 МЫҢДАЙ АУЫЛ ОҚУШЫСЫ ҚАТЫСУДА

Елімізде ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша Бірінші республикалық олимпиада басталды. Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсіміне Оқу-ағарту министрі қатысты.

Ғани Бейсембаев Ақмола облысындағы №1 Қоянды жалпы орта білім беретін мектебінің оқушыларымен кездесті. Еліміздің бас ұстазы қатысушылар алдында сөз сөйлеп, алдағы зияткерлік сайыста сәттілік тіледі.

«Пәндік олимпиадалар – бұл сіздердің алғашқы ғылыми ізденістерге жол ашатын, ғылымның әр түрлі саласында өз дарындарыңызды айқындауға мүмкіндік беретін ауқымды сайыс түрі. Бүгін сіздермен бірге еліміздің шалғай аймақтарындағы 90 мыңға жуық оқушы мектеп қабырғасында алған барлық білімдері мен дағдыларын көрсете алады. Пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Биылғы жылы 23 оқушымыз ең беделді халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болды. Келесі жылы солардың қатарында сіздер де болатындарыңызға кәміл сенемін», - деді министр.

Ауыл мектептеріне арналған Республикалық олимпиадаға 9-11 сынып оқушылары қатысып жатыр. Бұл бастама қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқартуға және шалғай елді мекендердегі дарынды балаларды қолдауға бағытталған. Мақсаты — ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілетін анықтау және қолдау білдіру, сондай-ақ, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдар алуына жағдай жасау.

Олимпиада жаратылыстану–математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарды қамтитын 13 пән бойынша өткізіледі. Бастапқы кезеңге қатысу үшін оқушылар аuyl.daryn.kz сайтында тіркелуден өтті. Нәтижесінде 90 мыңнан астам оқушы қатысуға ниет білдірді. ІІ іріктеу кезеңі желтоқсан айында өткізіледі. Тапсырмалар дәстүрлі олимпиадалық тапсырмалар түрінде онлайн-платформада беріледі. III республикалық кезеңнің барлық қатысушылары республикалық сырттай мектепке қабылданады. Қорытындысында қатысушылардың жалпы санының 45%-нан құралатын жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Олар Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен марапатталады. I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылдың ақпан айында өткізілетін оқу-жаттығу жиындарына шақырылып, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ