Астанада Оқу-ағарту министрлігінің кубогі үшін оқушылар арасында өткен республикалық дебат турнирі аяқталды. Еліміздің әр өңірінің 27 оқушысы жеңімпаз атанды. Олар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, планшеттер, ұялы телефондар, ноутбуктер, кітаптар, энциклопедиялар. Жеңімпаздарды Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов марапаттады.
Республикалық кезеңдегі зияткерлік сайысқа облыстық турнирлердің жеңімпазы атанған 100-ден астам оқушы қатысқанын айта кетейік. Іс-шара Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылды.
Қазақ, орыс және ағылшын лигалары бойынша бірінші орынды және Оқу-ағарту министрлігінің кубогін Павлодар және Ақтөбе облыстарының командалары жеңіп алды. Үздік спикерлер Оралғазы Ақниет (Семей қ.), Мұрзаділова Арухан (Астана қ.), Абдусаматова Севинч (Түркістан облысы) атанды.
Оқу-ағарту министрі жеңімпаздарды құттықтап, министрлік алдағы уақытта да оқушылар арасында дебат қозғалысын насихаттау жұмысын жалғастыра беретінін атап өтті.
«Мен студенттік кезімде дебаттарға белсене қатыстым. Сондықтан дебаттардың көптеген маңызды құзырет пен дағдыны үйрететінін білемін. Пікірталасқа дайындалған кезде сен кез келген мәселеге әдеттегідей тек бір жағынан ғана емес, сонымен бірге сыни тұрғыдан қарауды, жағымды және жағымсыз жақтарын көруді үйренесің. Барлық дұрыс және кемшін тұсын өлшейсің. Бұл өте маңызды. Қазір балалар гаджеттерді жиі пайдаланады, бұл ретте оқушыларымыз өз ұстанымдарын дәлелдей біліп, сыни тұрғыдан ойлауы, топта жұмыс істей білуі маңызды. Барлық қатысушыны жетістіктерімен құттықтап, жаңа жеңістер тілегім келеді. Сіздермен бірге дебат қозғалысын дамытуды жалғастырамыз», – деп айтты Асхат Аймағамбетов.
Бүгінгі таңда қазақстандық мектептерде дебат қозғалысы белсенді дамып келе жатқанын айта кетейік. Жалпы республика бойынша дебат клубтарының саны 6 мыңнан асады. Оларға 100 мыңнан астам оқушы барады.
Қазақстанда жыл сайын 20 мыңнан астам дебат турнирі өткізіледі, оған ондаған мың студент пен оқушы қатысады. Елімізде оқушыларды пікірсайыс өнеріне баулитын 100-ден астам адамнан құралған тәжірибелі ұлттық пікірсайысшылар пулы қалыптасты. Сонымен қатар колледждер мен мектептерде дебат клубтарына көмектесу үшін студенттік десанттар құрылып жатыр.