Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА ОТЫРЫСЫ: САПАЛЫ БІЛІМНЕН САПАЛЫ АДАМИ КАПИТАЛҒА

Астана қаласында Оқу ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің бірлескен кеңейтілген алқа отырысы өтті. Алқа отырысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, ведомтстволар басшылары, Парламент депутаттары, білім басқармаларының, бағынышты ұйымдардың басшылары, педагогикалық және ата-аналар қоғамдастықтарының өкілдері, білім саласының басқа да қызметкерлері мен сарапшылары қатысты. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев былтырғы жұмыс қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарларға тоқталып өтті. Сондай-ақ министр сөзінде инфрақұрылымды дамыту туралы да айтты. «2023 жылдың қорытындысы бойынша мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 67 мың жаңа орын ашылып 2-6 жастағы балаларды қамту 91%-ға дейін артты. Апатты және үш ауысымды мектептер мәселелерін шешуге бағытталған 137 мың орындық жаңа 165 мектеп іске қосылып, 12 апатты 29 үшауысымды мектептің мәселесі шешімін тапты. Сонымен қатар, еліміздегі 230 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 2100 мектеп жаңғыртылды. Оның 1008-і ауыл мектебі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын сапалы және уақтылы іске асыру мақсатында министрлік мектептерде эргономикалық, қауіпсіз орта құруды көздейтін барлық қажетті нормативтік-құқықтық базаны әзірледі» , - деді Ғани Бейсембаев

Қала мен ауыл арасындағы алшақтықты жою бағытында былтырдан бастап Республикалық «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы іске қосылды. Ол «Қазақстан халқына» қорының қолдауы және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми сүйемелдеуімен Ақтөбе облысында пилоттық режимде бастау алды. Жоба негізінде ауыл мектептерінің инфоқұрылымы жаңғыртылып, педагог кадрлар сапасы артып жатыр.

«Нәтижесі биылдан бастап барлық аймаққа таратылатын болады. Жоба аясында Республикалық «Дарын» орталығы алғаш рет ауыл мектептері оқушылары арасындағы республикалық пән олимпиадасын ұйымдастырды. Соның негізінде жүлделі орын иеленген ауыл мектебі оқушыларының саны 8 есеге жуық артты», – деді оқу-ағарту министрі.

Техникалық және кәсіптік білім беруде студенттердің оқу шеберханаларынан нақты өндіріске «үздіксіз ауысуына» басымдық берілді. 558 колледжде дуальды оқыту ұйымдастырылып, 410 колледжді 500 кәсіпорын қамқорлыққа алды. Бизнестің тікелей қолдауының арқасында 75 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді. 2023 жылы техникалық мамандықтарға қабылданған студенттердің үлесі 60% құрады.

«Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуы - министрліктің ерекше бақылауында. 2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік білім беру ұйымдарын ЖБО-ға қосылған бейнекамералармен, лицензияланған күзетпен, турникеттермен және дабыл түймелерімен жарақтандыру толығымен аяқталды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі жалғасады. Мектептегі тамақтануды ұйымдастыруға қойылатын талаптар заңнамалық түрде бекітілген. Бракераждық комиссиялар мен ведомствоаралық сараптамалық топтар қоғамдық бақылаудың рөлін күшейтті. Енді тек тағамның мөлшері ғана емес, сонымен қатар «жеткізушіден сақтауға» дейінгі технологиялық процесс бақылауда болады. Тамақтану сапасын арттыруда отандық кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі де маңызды», - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

Барлық баяндамашыны тыңдаған Тамара Дүйсенова жүйені жетілдіру бойынша тиісті ведомстволардың алдына нақты міндеттер қойды. Премьер-Министрдің орынбасары елдегі экономикалық өсімнің драйвері ретінде жоғары сапалы адами капиталды қалыптастыру мен дамытудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету - екі министрліктің басты міндеті екенін атап өтті.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ