Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Асхат Аймағамбетов қала маңындағы «Лесозавод» ауданындағы №49 мектепке барды. Министр мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстармен танысып, оқу кабинеттерін аралады. Сондай-ақ мұғалімдермен жұмыс мәселелерін талқылады. Кітапханада оқушылармен және кітапханашымен әңгімелесті. Министр Астана қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа мектептер салынатын бірнеше орынға барды. Қазір елордада оқушы орнының тапшылығы 26 мыңнан асады. Мәселені шешу үшін 2024-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде екі ауысымда 85 мыңнан астам оқушы орнын қамтамасыз ететін 24 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған.

Асхат Аймағамбетов мектептердегі өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшыларымен кездесті. Бейресми форматтағы кездесуде балалар түрлі сұрақтарын қоя алды. Оқушыларды мектептегі үштілді оқыту және тілдерді кезең-кезеңімен үйрену, академиялық дербестік, дебаттар өткізу, мектептің өзін-өзі басқаруын дамыту және т.б тақырыптар қызықтырды. Өзін-өзі басқару көшбасшылары музыкаға, кітаптарға деген қызығушылықтары туралы, балалар арасында осы бағыттардағы негізгі трендтер туралы айтты.

Оқу-ағарту министрлігінің аппарат кеңесінде педагогтерді қызметіне тән емес жұмыстарға тартуды және есептілікті азайту бойынша шараларды іске асыру барысы қаралды. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы мұғалімдердің қағазбастылығымен қатар оларды қызметіне тән емес функцияларға тарту бойынша 182 факт тіркелді. Оның 93-і бойынша әкімшілік іс қозғалып, 100 факті аумақтық департаменттер жанындағы консультативтік кеңесші органда қаралды. Мұғалімдердің құқығын қорғау мақсатында Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті «Педагогті қорғау» Telegram чатын іске қосты. Бұл чатта мұғалімдер өз құқықтарының бұзылғаны туралы хабарлай алады. Барлық ақпарат тексеріліп, аумақтық департаменттердің мамандары өтініштерге жедел түрде жауап беретін болады.

Елімізде «Үздік педагог – 2022» байқауының қорытынды кезеңі өтіп жатыр. Биыл бұл атаққа 123 мұғалім үміткер. Олар байқауға қатысушы 5,5 мың педагогтің арасынан іріктеліп алынды. Конкурс қорытындысы бойынша барлығы 64 жеңімпаз анықталады. Олардың барлығы 3 млн теңгеден (1 000 АЕК) сыйақы алады. Республикалық конкурс 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Осы уақыт аралығында мектепке дейінгі және орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 600-ге жуық мұғалімі «Үздік педагог» атағының иегері атанды.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ