Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

Жаңалықтар

ҚР Білім және ғылым министрлігінің апталық жұмысына шолу
Асхат Аймағамбетов «BINOM EDUCATION» мектебінде Ұлттық мектеп лигасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты Салтанатты шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да барды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша білім алушылардың бұқаралық спортпен шұғылдануы үшін жағдай жасалып жатыр. Сондай-ақ Ұлттық мектеп және студенттік спорт лигасын одан әрі дамыту бойынша қажетті шаралар қабылдануда. Салтанатты шарада Асхат Аймағамбетов биылдан бастап мектепте спорттық секцияны өткізетін дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне қосымша үстемақы төленіп жатқанын айтты. Шара барысында Асхат Аймағамбетов балалармен әңгімелесіп, «Асық» ойнау дағдыларын дамытуда тәжірибесімен бөлісті. «Тоғызқұмалақ», «Бестас» ұлттық ойындарын тамашалап, оқушыларға сәттілік тіледі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысын өткізді Күн тәртібінде білім басқармалары қызметін мониторингілеу нәтижесі талқыланды. Сондай-ақ орта білім беру ұйымдарында коронавирус инфекциясының таралу жағдайы қаралды. Қазір елімізде 7 мыңнан астам мектепте 3,6 млн оқушы оқиды. Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімованың айтуынша оқушылар арасында коронавирустың таралуы жазғы демалыс кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда төмендеген. Мәселен, оқушылар арасында коронавирустың таралуы 1 қыркүйекке дейін 0,15% болса, ал бүгінгі таңда оқушылардың 0,1%-ы індет жұқтырған. Сонымен қатар мұғалімдер арасында коронавирусты жұқтыру жағдайларының саны азайды. Өңірлерден келген ақпаратқа сәйкес, бүгінгі таңда мұғалімдердің жалпы санының 0,1%-ы коронавируспен ауырған. Айта кетейік, мектептерде педагогтер мен қызметкерлер және ата-аналар үшін «ASHYQ» жүйесінің жұмысы қамтамасыз етілген. Мектептерде үзілістер, асханаға бару кестесі дәлізде жиналмайтындай етіп жасалған. Сонымен қатар оқу процесі «бір сынып – бір кабинет» қағидаты бойынша ұйымдастырылған. Аппарат жиналысы барысында Асхат Аймағамбетов санитарлық талаптардың қатаң сақталуы нәтижесінде мектептердегі эпидахуал тұрақты екенін айтып, бірқатар тапсырма берді. Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Аризона университетінің өкілі Хью Холманмен кездестіМ.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен стратегиялық серіктестік мәселесі бойынша өткен кездесуде жоо инфрақұрылымын жаңғырту жолдары қаралды. Сондай-ақ Аризона университетінің профессорлық-оқытушылар құрамын тарту, ғылыми жобаларды іске асыру мәселелері пысықталды. Грант бөлу, оқу процесін ұйымдастыру, инвестицияларды тарту мүмкіндіктері талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша Білім және ғылым министрлігі, Аризона Университеті және М.Қозыбаев атындағы СҚУ арасында үшжақты келісім жасалды. «БҒМ LIVE» айдарында жаңа оқу басылымдарын сараптамадан өткізу туралы ақпарат ұсынылды Instagram, Facebook әлеуметтік желілері арқылы оқырмандардың сұрақтарына Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрланов жауап берді. Ол оқулықтардың сапасын арттыру бойынша іске асырылып жатқан шаралар туралы айтты. Ата-аналарға оқулықтар тегін берілетінін жеткізді.
Бастапқы дереккөзге сілтеме: сілтеме