Министрліктің аппарат жиналысында негізгі ҰБТ-ның өту барысы қаралды. Алдын ала болжам бойынша 290 мыңға жуық талапкер тест тапсырады. Биыл негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен грант тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл ретте екі мүмкіндікте де бейінді пәндердің бір ғана комбинациясын таңдауға болады.
Асхат Аймағамбетов Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовпен мектептерде әскери-патриоттық тәрбие беру, еліміздің әскери жоғары оқу орындарында кадрларды даярлау және әскери қызметтің тартымдылығын арттыру мәселелерін талқылады. Білім және ғылым министрі әскери борышын өтеген азаматтар мен «Кадет» сыныбының түлектері үшін грант иеленуге 5% квота бөлуді ұсынды. Сондай-ақ әскери қызметте қаза тапқан жауынгерлердің балаларына университеттерде оқуға гранттар беру туралы норманы енгізуді ұсынып отырмыз,-деді Асхат Аймағамбетов. Әскери жоғары оқу орындарындағы өзгерістер мен мектептердегі әскери-патриоттық тәрбие туралы толық ақпаратты министрдің Facebook парақшасынан оқуға болады.
Асхат Аймағамбетов Алматыда өткен «Жаңа әлемдегі – Жаңа Қазақстан» атты саясаттанушылардың Х конгресіне қатысты. Сарапшылар конституциялық реформа мен жалпыхалықтық референдум туралы пікір алмасты. Білім және ғылым министрі саяси мәдениетті қалыптастыруда мектептегі тәрбие мен білімнің маңызына тоқталды. Бүгінгі білім беру мазмұны балалардың функционалдық сауатын арттырумен қатар сыни ойлау, пікір таластыру және алған білімді практикада пайдалана білу дағдыларын дамытуға бағытталып отыр,-деді министр.
Білім және ғылым министрі Алматыға жұмыс сапары аясында мектеп оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттап, дарынды балалардың сұрақтарына жауап берді. Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының қолдауының арқасында халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына біржолғы ақшалай төлемдерді төлеу нормасын қарастыратын заңға қол қойғанын айтты. Енді алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы беріледі.
Асхат Аймағамбетов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылар құрамымен де кездесті. Министр жоғары білім беру саласындағы өзгерістердің маңызын түсіндіріп, ұстаздардың сұрақтарына жауап берді.
Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министірлігінің Қоғамдық кеңесінің отырысына қатысты. Жиында кеңестің жаңа құрамы сайланды. Ведомство басшысы жаңа оқу жылында бірқатар өзгерістер ұсынылып отырғанын айтты. Бұл балабақшаларды лицензиялау, білім беру бағдарламаларын жаңарту, мұғалімдерді аттестаттау және басқа да мәселелер бойынша ұсыныстар. Асхат Аймағамбетов Қоғамдық кеңес мүшелерін аталған ұсыныстарды белсенді қарастыруға және қолдау білдіруге шақырды.