Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Министрліктің аппарат жиынында 2021-2022 оқу жылының аяқталуы қаралды. Барлық мектептерде оқу сабақтары 25-ші мамырда аяқталады. 26-шы мамырдан 17-ші маусымға дейін жазғы мектеп қосымша сабақтары басталады. Жазғы мектептерде икемді сабақ кестесі құрылып, оқу барынша қызықты және танымды болуы үшін барлық жағдайлар жасалады. Ал, мектеп бітіру іс-шаралары міндетті түрде мектеп қабырғасында және мектеп ауласында өткізілуі тиіс. Педагогикалық этика және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мектеп бітіру кешін сән-салтанатпен атап өтуге рұқсат етілмейді.

 

Асхат Аймағамбетов «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектерімен кездесті. Министр бағдарламаны жетілдіру және қайта бағдарлау, таңдау мүмкіндігін ұлғайту үшін мемлекеттер мен университеттер санын кеңейту туралы айтты. Бағдарлама түлектерді шетелде алған білімдерін Қазақстанда қалай пайдаланып жатқандары жайында айтып, қызықты ұсыныстарымен бөлісті. Қазіргі таңда «Болашақтың» арқасында әлемнің жетекші университеттерінде білім алған 800-ден астам мұғалім мен 600-ден астам дәрігер ел игілігі үшін жұмыс істеп жатыр.

 

Негізгі ҰБТ-ға құжат қабылдау басталғалы 130 мыңнан астам адам тіркелді. Биыл грант тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ-ны екі мәрте тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Алайда талапкер алғашқы мүкіндігінде ереже бұзса, екінші рет тапсыру құқығынан да айрылады. Академиялық адалдық пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ҰБТ «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы бойынша өткізіледі. Талапкердің жұмыс орнында негізгі камерадан басқа тұлғаны анықтауға (Face ID) және бөгде адамдардың кіруіне жол бермейтін қосымша алдыңғы веб-камера орнатылады.

 

ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули «БҒМ LIVE» айдарында мектеп асханалары мен дәретханалардың мониторингі бойынша «Балаға лайық» акциясының барысы туралы айтып берді. Акцияның алғашқы аптасында қазақстандықтар 80-нен астам нысандағы кемшіліктер туралы 400-ден астам өтініш жіберді. Тұрғындар мектеп асханалары мен дәретханаларындағы талапқа сай келмейтін жағдайларды фото-видеоға түсіріп,  8 700 6990446 номері бойынша WhatsApp немесе Telegram-ға жібере алады. Бірінші кезең 25 мамырға дейін жалғасады. Акцияның екінші кезеңі жаңа оқу жылында басталады.

 

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ