Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Министрліктің аппарат жиынында білім беру ұйымдары қызметінің көшпелі мониторингі шеңберінде жергілікті басшылардың атқарған жұмыстары қаралды. Республикалық мониторингтік-әдістемелік топ ақпан-наурыз аралығында Ақмола, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласын аралады. Мониторинг барысында 126 мектептен түрлі кемшіліктер анықталды. 135 мектептің асханасына оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға қатысты ескерту жасалды. 76 мектеп ғимаратының ағымдық жөндеу жұмысы мен материалдық-техникалық базасы қанағаттанарлық жағдайда емес. 60 мектепке жылы дәретханалардың жұмысына қатысты ескерту жасалды. Асхат Аймағамбетов сыннан сабақ алмаған басшыларды жауапкершілікке тартып, қажет болса жұмыстан босатуды тапсырды.

Осы аптада ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова «БҒМ LIVE» айдарында бірінші сыныпқа құжат қабылдау тәртібі мен талаптары туралы түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін балаларды мектепке қабылдау қызметі автоматтандырылған және eGOV.kz веб-порталы арқылы электронды түрде жүзеге асырылады. Сондай-ақ дәстүрлі түрде де құжат тапсыруға болады. Биыл бірінші сыныпқа 420 мыңнан астам бала қабылданады деген болжам бар.

Биыл колледждерде білім алу үшін гранттар саны 45 мыңға артады, ал барлығы 125 мың грант бөлінеді. Гранттардың 5%-ы көп балалы отбасылардан шыққан балаларға, 1%-ы толық емес отбасылардан шыққан балаларға, 1%-ы физикалық мүмкіндіктері шектеулі балалары бар отбасылардан шыққан талапкерлерге қарастырылған. Өткен жылы колледждерге 166 мың адам оқуға қабылданса, олардың 93 мыңнан астамы мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін оқып жатыр. Бүгінде әкімдіктер жанындағы арнайы комиссиялар өңірлерде сұранысқа ие мамандықтардың тізімін жасап жатыр. Тегін оқуға болатын мамандық туралы ақпаратпен 30 сәуірден бастап облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының сайттарында танысуға болады.

Осы аптада Аризона университеті ректорының орынбасары Лизл Фолкс Қазақстанға ресми сапармен келді. Америкалық университеттің өкілі ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиевпен кездесіп, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен ынтымақтастықтың жай-жапсарын талқылады. Лизл Фолкс өз сөзінде серіктестіктің негізгі мақсаты халықаралық стандарттарға сай білім беру бағдарламаларын жасау және қазақстандық университеттің ғылыми әлеуетін дамыту екенін айтты.

Түркістан қаласында ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың қатысуымен география пәні мұғалімдерінің съезі өтті. Білім саласының 300-ден астам сарапшысы еліміздің мектептерінде географияны оқытудың өзекті мәселелерін талқылады.

 

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ