Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

ҚР БҒМ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОЛЛЕДЖДЕРГЕ АКАДЕМИЯЛЫҚ ДЕРБЕСТІК БЕРІЛДІ

Қазақстандық колледждер академиялық дербестік алды. Енді оқу орындары білім беру бағдарламаларының мазмұнын өздері анықтап, нарықта сұранысқа ие мамандарды даярлай алады. Бұл туралы ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова «БҒМ LIVE» айдарында айтты. Тікелей эфир министрліктің Facebook-тегі парақшасында жүргізілді.  

Бұрын оқу жоспарлары мен бағдарламаларын дайындаған кезде колледждер типтік жоспарларға қарай жұмыс істейтін еді және олардың мазмұнын тек 50%-ға дейін өзгерте алатын. Енді олар жаңа тенденциялар мен нарық талаптарына сай жұмыс жүргізе алады.

«Білім беру бағдарламаларын әзірлеу кезінде колледждер оқытудың әртүрлі технологияларын, нысандарын, оқу процесін ұйымдастыру және бақылау әдістерін өздері таңдай алады. Осылайша, білім беру бағдарламалары жастарға қажетті дағдыларды игеруге және қысқа мерзімде жұмысқа тұруға, сондай-ақ қажет болған жағдайда қайта оралып, басқа да қосымша біліктіліктерді меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл шаралар өндірістегі технологиялық өзгерістерге және еңбек нарығының сұранысына бейімделуге бағытталған. ТжКБ жүйесі мамандарды жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес даярлайды», — деді Насымжан Оспанова.

Сонымен қатар ТжКБ ұйымдарының оқыту мерзімдерінде өзгерістер бар. Енді олар нақты білім беру бағдарламасына және сұранысқа сай оқу нәтижелеріне байланысты болады. Бұрын оқу мерзімі орташа есеппен 2 жылдан 4 жылға дейін болса, енді колледждер мамандықтың күрделілігі мен оқу нәтижелерін ескере отырып, білім беру мерзімін өз бетінше анықтайтын болады.

Академиялық дербестік білім беру бағдарламаларының сапасына әсер етпейді, өйткені бұл үшін бірыңғай ақпараттық орта – білім беру бағдарламаларының тізілімі жинақталып жатыр. Колледж таңдаған әрбір жаңа бағдарлама ҚР Білім және ғылым министрлігінде және «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында 2 кезеңнен тұратын сараптамадан өтеді.

Насымжан Оспанова дуалды білім беру мәселесіне де тоқталды. Бүгінде бұл формат 6368 кәсіпорынның қатысуымен 536 колледжде енгізілген. Еліміз бойынша 68985 адам, оның ішінде 60483 қазақстандық осы форматта мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатыр.

Колледждер білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқу мерзімін жұмыс берушілермен бірлесіп анықтайды.

Айта кетейік, енді дуалды оқыту бойынша тағылымдамадан өту мерзімі студенттің еңбек өтілі ретінде есептеледі.

Тікелей эфирдің жазбасын министрліктің Facebook-тегі ресми парақшасынан көруге болады.

 

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ