Қостанай облысында өрт салдарынан зардап шеккен отбасылардан шыққан бастауыш сыныптың 31 оқушысы «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жолдама алды.
Қазір балалар Алматыға келді. Лагерьде балалардың білім алуы және сауықтыру процедуралары үшін барлық жағдай жасалған.
«Бұған дейін Щучинсктегі «Балдәурен» оқу-сауықтыру лагеріне 5-сыныптан бастап оқушылар бара бастаған болатын. Енді 3-4 сынып оқушыларын Алматыдағы бастауыш сынып оқушыларына бағдарланған «Бөбек» қабылдай бастады. Балалар сауықтыру процедураларын алып, мектепке барады. Сондай-ақ онда балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін іс-шаралар ұйымдастырылады», - деп айтты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі Қостанай облысындағы өрт кезінде эвакуацияланған балаларға көмек көрсету, оларды сауықтыру үшін «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық лагері мен орталығына жолдамалар ұйымдастырған болатын.