Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОҚЫТУШЫЛАР ҚАТАРЫ ТӘЖІРИБЕЛІ МАМАНДАРМЕН ТОЛЫҒУДА

350 тәжірибелі маман оқу жылының басынан қазақстандық университеттерде сабақ бере бастады. Мамандығына байланысты студенттерге кәсіпорын басшылары, мәжілісмендер, дипломаттар, халықаралық компаниялардың өкілдері, белгілі журналистер және басқа да тәжірибелі мамандар дәріс оқиды, практикалық және зертханалық сабақтар өткізеді.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарына жұмыс істеп жүрген мамандарды көптеп тартуға мүмкіндік беретін түзетулер енгізген болатын. Жаңа нормалардың арқасында университеттерде білікті мамандар санының артқаны байқалады.

Мысалы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінде журналист, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов, Бас редакторлар Клубының вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин және басқа да практик мамандар сабақ береді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да  ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ақмарал Арыстанбекова және т. б. мамандар студенттерге білім береді.

«Өткен жылы қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру қызметіне қойылатын талаптар өзгертіліп, тәжірибелі мамандарды белсенді тартуға мүмкіндік беретін норма енгізілді. Жаңашылдықтар жоғары білім саласындағы тәжірибеге бағдарлануды күшейтуге бағытталған. Мысалы, заңгерлерді даярлауға кемінде бес жыл тәжірибесі бар практиктердің кемінде 60%-ы тартылуы тиіс. Сондай-ақ егер бұрын журналистика немесе IT саласындағы оқытушылар арасында ғылыми дәрежесі кемінде 40% болуы талап етілсе, енді практиктерді тарту үшін дәрежелілік пайызы айтарлықтай төмендейді. Өзгерістерді енгізбес бұрын ЖОО түлектерін жұмысқа қабылдайтын жұмыс берушілермен талқыладық. Яғни, қазір оқытушылардың ғылыми дәрежесі жеткіліксіз. Оқытушылық құрамда студенттерді заманауи еңбек нарығының сұраныстары мен өзектілігіне қарай оқытатын тәжірибелі мамандар болуы маңызды», – деп атап өтті ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Сонымен қатар университеттер дуалды оқыту жүйесін белсенді түрде енгізуде және жүзеге асырып жатыр. Студенттер ұйымдарда, кәсіпорындарда тәжірибе жинайды және университетте оқу кезінде практикалық дағдыларды меңгереді. Бұл жаңашылдықтар білім алушылардың мамандықты тек теория бойынша ғана емес, тәжірибе жүзінде де игеруіне бағытталған.

Сонымен қатар қазақстандық жоғары оқу орындары өз базасында танымал компаниялардың орталықтарын ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Мысалы, Astana IT University-де CISCO, Huawei, Microsoft, Amazon, Samsung, Kaspersky компанияларының сертификатталған курстары өткізіледі. Қазақстан-Британ техникалық университетінде Apple-орталығы жұмыс істейді, сондай-ақ Яндекс және Huawei магистрлік бағдарламалары іске асырылады. Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (ХАТУ) Coursera-мен IT саласында білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ