Балаларды қорғау күні қарсаңында «Әншуақ» балалар әндерінің республикалық фестивалі елордада гала-концертпен қорытындыланды. Ауқымды шығармашылық жоба еліміздің барлық өңірлерін қамтыды, ол Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Қазақстан балалары» онкүндігінің ең жарқын оқиғасына айналды.
Мақсаты – балалар арасында музыка мәдениетін дамыту, патриоттық сезімдерін нығайту және «Адал азамат» тұжырымдамасының негізі болған жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Ол бұл күндері жауапты мемлекеттік органдар балалардың әл-ауқатын арттыруға қатысты мемлекеттік бағдарламаларды, жобалар мен бастамаларды кеңінен таныстыруда екенін атап өтті.
«Біздің мемлекетіміз әр баланың денсаулығын қорғау, қауіпсіздігін сақтау, білімі мен дарынын қолдау мақсатында ауқымды шаралар қабылдауда. Бұл фестиваль – тек өнер мерекесі ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың бойында ана тілімізге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастырудың жарқын үлгісі. Мұндай жобалар бала игілігі - мемлекет саясатының басым бағыты екендігінің тағы бір дәлелі», - деді Ғани Бейсембаев.
Фестиваль аясында 1 қыркүйектен бастап еліміздің түкпір-түкпірінде 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар ән шырқады. Әлеуметтік желілерде #Әншуақ #Әншуақ2025 хэштегтерімен 22 мыңнан астам жанды дауыста балалар әндері жарияланды. Жалпы қаралым саны 18 миллионнан асты.
Көпшілік тыңдармандар мен қазылар алқасының дауыс беру нәтижесінде іріктелген 13 үздік ән гала-концерт сахнасында шырқалды. Жеңімпаздарға Гран-при, дипломдар және арнайы марапаттар табысталады. Open Air форматындағы концерттер бұл күндері еліміз бойынша тұрғын үй аулаларында, саябақтарда, алаңдарда өтуде.
«Әншуақ» фестивалі Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен биыл екінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда және ол мәдени, тәрбие беру бағытындағы маңызды жобаға айналып келеді.