Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

Қазақстан мектеп оқушылары арасындағы ең беделді математика олимпиадасында әлемнің үздік 25 құрамасының қатарына енді

Қазақстанның ұлттық құрамасы 1959 жылдан бері өткізіліп келе жатқан мектеп оқушылары арасындағы ең көне әрі ең беделді халықаралық пәндік жарыс - 67-ші Халықаралық математика олимпиадасында (IMO) жоғары нәтиже көрсетті. 117 елдің оқушылары қатысқан олимпиаданың бейресми командалық медальдық есебінің қорытындысы бойынша Қазақстан әлемнің үздік 25 құрамасының қатарына еніп, 22-орынға тұрақтады. Ұлттық құраманың барлық алты мүшесі жүлдегер атанып, үш күміс және үш қола медаль иеленді.

Халықаралық математика олимпиадасындағы бұл жетістік Қазақстанның ұлттық құрамалары үшін нәтижелі өткен шілде айының жарқын қорытындысы болды. Бір айдың ішінде қазақстандық оқушылар физика, химия, биология, математика және экономика пәндері бойынша өткен халықаралық олимпиадаларда 24 медаль жеңіп алды. Ең бастысы - аталған бес халықаралық олимпиаданың барлығында Қазақстанның әрбір қатысушысы жүлдегер атанды.

Бұл жетістіктер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дарынды балаларды қолдау, олардың қабілетін дамыту және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру жөніндегі жүйелі саясатының нақты нәтижесі болып табылады. Сонымен қатар, бұл дарынды оқушыларды анықтау, қолдау және халықаралық деңгейдегі зияткерлік жарыстарға жүйелі даярлау жұмысының тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Колумбияда өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында (IPhO) 85 елден 381 оқушы бақ сынады. Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізіп, алғаш рет ұлттық құраманың барлық бес мүшесі алтын медаль жеңіп алды. Егер 2025 жылы команда екі күміс және үш қола медаль еншілесе, биыл бес алтын медальға қол жеткізді. Бейресми командалық медальдық есептің қорытындысы бойынша Қазақстан әлемнің үздік құрамаларымен бірге 1-орынды бөлісті.

Ташкент қаласында өткен 58-ші Халықаралық химия олимпиадасында (IChO) 90-нан астам елден 350-ден астам оқушы қатысты. Қазақстанның төрт қатысушысының барлығы жүлдегер атанып, бір алтын және үш күміс медаль жеңіп алды. Нәтижесінде ұлттық құрама бейресми командалық медальдық есепте үздік ондыққа еніп, 10-орынды иеленді.

Вильнюс қаласында өткен 37-ші Халықаралық биология олимпиадасында (IBO) 84 елден 330-дан астам оқушы бақ сынады. Қазақстан құрамасының барлық мүшесі жүлдегер атанып, үш күміс және бір қола медаль иеленді. Осылайша, ұлттық құрама 1996 жылы қол жеткізілген осы олимпиададағы Қазақстанның ең үздік нәтижесін қайталады. Өткен жылы төрт қола медаль жеңіп алған командамен салыстырғанда, биылғы көрсеткіш айтарлықтай жақсарды. Бейресми командалық медальдық есепте Қазақстан 18-орынға тұрақтады.

Қытайда өткен Халықаралық экономика олимпиадасында (IEO) 61 елден шамамен 300 оқушы қатысты. Қазақстан құрамасы бұл додада да жүз пайыздық нәтижеге қол жеткізіп, бір алтын, үш күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Қазақстандық Мұхтархан Батырхан IEO олимпиадасының алтын медалін екінші рет иеленді. Бейресми командалық медальдық есепте Қазақстан үздік ондыққа еніп, 10-орыннан көрінді.

Шілде айындағы халықаралық олимпиадалардың қорытындылары Қазақстанның әлемдегі жетекші зияткерлік құрамалардың қатарындағы орнының нығайып келе жатқанын көрсетті. Физикадан бейресми командалық есепте 1-орын, химия мен экономикадан үздік ондыққа ену, биологиядан 18-орын және математикадан әлемнің үздік 25 құрамасының қатарына қосылу еліміздегі дарынды оқушыларды халықаралық деңгейде даярлау жүйесінің тиімділігінің кезекті дәлелі болды.

Халықаралық олимпиадалар маусымы жалғасуда. Тамыз айында Қазақстанның ұлттық құрамалары Халықаралық информатика олимпиадасына (IOI), Халықаралық география олимпиадасына (IGeO) және Халықаралық лингвистика олимпиадасына (IOL) қатысады. Аталған олимпиадалардың қорытындысы бойынша Қазақстан 2026 жылғы ең ірі жеті халықаралық пәндік олимпиаданың барлығына қатысу циклін аяқтайды.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ