Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

«Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауына қатысуға 170 өтінім қабылданды

Биыл сәуір айында басталған «Педагогикалық идеялар панорамасы-2024» республикалық байқауының өңірлік кезеңі басталды. Еліміздің барлық өңірінен байқауға қатысу үшін 170 өтініш келіп түскен. Олардың ішінде пән мұғалімдері, бастауыш сынып пен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері бар.

Байқаудың мақсаты – еліміздің виртуалды білім беру кеңістігіндегі авторлық құқықпен қорғалған бейнересурстар банкін толықтыру, заманауи педагогикалық тәжірибе мен мұғалімдер арасындағы өзара әрекеттестіктің озық тәжірибелерін тарату және насихаттау.

Конкурстың бағыттары: ерте сауаттылық (мектепке дейінгі тәрбие және оқыту), оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық, цифрлық сауаттылық, медиа-ақпараттық сауаттылық, қаржылық сауаттылық, экологиялық сауаттылық, денсаулық сақтау сауаттылығы (медициналық сауаттылық), әлеуметтік-эмоционалды сауаттылық, мәдениетаралық сауаттылық және азаматтық-құқықтық сауаттылық.

«Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауы педагогтер арасында өте танымал. Бейнематериалдарды бағалау үшін әр облыста өңірлік сараптамалық кеңестер құрылды, олар әр бағыт бойынша жүлдегерлерді анықтайды. Бірінші орын алған педагогтердің жұмыстары YouTube-тегі ӨРЛЕУ білім беру арнасында жарияланады. Осылайша, үздік педагогикалық тәжірибелер барлығына қолжетімді болады», – дейді Оқу-ағарту министрлігі «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрағасы Айдана Шилибекова.

Өңірлік және республикалық кезеңдердің барлық қатысушылары және жеңімпаздары сертификаттармен, 1, 2, 3 дәрежелі дипломдармен марапатталады. YouTube-те ең көп қаралған бейнематериал үшін әр бағыт бойынша ынталандыру сертификаты беріледі. Конкурстың барлық марапаттау құжаттары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 2 сәуірдегі №72 бұйрығына сәйкес біліктілік санатын тағайындау немесе растау үшін аттестациядан өту кезінде ескеріледі.

Конкурстың ережесімен танысып, өңірлік кезеңге қатысу үшін өтінімді 15 қазанға дейін https://ppi.orleu-edu.kz сайтында беруге болады. Қосымша ақпарат алу үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыстық және Шымкент, Алматы, Астана қалаларының филиалдарына хабарласыңыз.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ