Өзбекстанның Халыққа білім беру министрлігі қазақстандық мектептердегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және жан басына қаржыландыруды енгізу әрі дамыту тәжірибесін зерделеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесу барысында Халыққа білім беру министрі Бахтиер Саидов айтты.
Өзбекстан делегациясы Нұр-Сұлтан қаласына қазақстандық білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан жаңашылдықтармен танысу мақсатында келді.
Б. Саидов Өзбекстанда мектептердегі білім беру саласын жетілдіру үшін мектептер арасындағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік беретін мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жүйесі де зерделенетінін атап өтті.
«Елге оралған соң біз мектептерді басқару үшін осы форматты қарастырамыз. Біздің мектептеріміз министрліктің қарамағында, ал сіздерде жергілікті атқарушы органдарға (әкімдіктерге) қарасты екен», — деп атап өтті Халыққа білім беру министрі Бахтиер Саидов.
Сонымен қатар министрлер 1994 жылы қол қойылған Келісімді жаңарта отырып, елдер арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару жөнінде келісті. Бахтиер Саидов Асхат Аймағамбетовті Өзбекстанға шақырып, қазақстандық делегацияның келуі барысында жаңа келісімге қол қойылады деген үміт білдірді.