Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

Оқу-ағарту министрлігінің осы аптадағы жаңалықтарына қысқаша шолу

 ✅ Ақтөбе қаласында «Іскер ана, икемді қыз» жобасы бастау алды. №78 мектеп-гимназиясының оқушы қыздарына іскер ата-аналар тігін, ұлттық қолөнер, аспаздықты үйретуде. Педагог, ата-ана мен оқушы арасындағы байланысты нығайтудың жаңа тәсілі оң нәтиже беруде. Жобаға 112 оқушы тұрақты  қатысады. ✅«Таза парақтан» реттеу саясаты шеңберінде білім беру саласындағы 105 нормативтік құқықтық актіге талдау жасалды. Онда бизнес субъектілері үшін қойылатын 8500-ден аса талап бар. Тексеру қорытындысы бойынша жұмыс тобының мүшелері 174 талапты қайта қарау туралы шешім қабылдады. ✅ 2023 жылдан бастап кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар өндірістен тартылған педагогтерге аттестаттаудан өтпей «педагог – модератор» біліктілік санаты беріледі. Сондай-ақ жалақысының 30% мөлшерінде қосымша үстемеақы төленеді. ✅ Жол картасын жүзеге асыру барысында Алматы қаласында 2 мемлекеттік, 1 жекеменшік мектеп ашылып, оқушы орынының саны 2800-ге артты.  29 мектептің 7700 оқушысы үшін 100 жаңа автобус сатып алынады. Наурыз айында Алматы құрылыс-техникалық колледж студенттерінің жаңа жатақханасы ашылды.

✅ Оқушылар арасындағы шахматтан алғашқы республикалық олимпиаданың бас жүлдесін Астана қаласының командасы иеленді. Екінші орынды Алматы қаласы және үшінші орынды Батыс Қазақстан облысынан келген команда жеңіп алды. ✅ Абай облысы Семей қаласы №7 жалпы орта білім беретін мектеп-лицейініңоқушылары Нұрлыхан Маратов пен Темірлан Темірбаев туристерге арналған Discover Abai мобильді қосымшасын ойлап тапты. Ол туристерге жаңа жерлерді көріп, қазақ тілін үйреніп, жергілікті мәдениетпен танысуға мүмкіндік береді. ✅ Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсында 484 оқушы жеңімпаз атанды. 23 дарынды оқушыға еліміздің 5 ЖОО-ның білім гранты берілсе, 3 үздік жоба АҚШ-та өтетін дүниежүзілік ғылым және техника көрмесіне Қазақстан атынан ұсынылады.

✅ ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев адам өмірін сақтап қалған бүгінгі күннің батыр балаларына алғыс білдірді. Елордаға еліміздің 5 облысынан келген 11 ержүрек оқушыға ерекше құрмет көрсетіліп, алғыс хат табысталды. Олар Астананың мәдени-демалыс орталықтарын аралап, өздері үлгі тұтатын спортшылармен кездесті.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ