Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

Оқу-ағарту министрлігінде еліміздің үздік педагогтерінің құрметіне «Ұлт келбеті – ұстаздар» фотогалереясы ашылды
Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жазды. Фотокөрме еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ұстаздарға деген шынайы құрмет пен ризашылықты көрсетеді. «Ұстаз еңбегі – ел дамуының негізі, ұрпақ тәрбиесінің өзегі. Еліміздегі әрбір педагог кәсібилік пен адалдықтың биік үлгісін көрсетіп жүрген осы тұлғалардан өнеге алуы тиіс. Педагог болу – тек білім беру ғана емес, ел болашағының іргетасын қалау, ұрпақты тәрбиелеу, шабыттандыру, адамгершілік дәнін егу», — дейді министр өзінің жазбасында.   Еліміздің тарихында жоғары мемлекеттік награда Еңбек Ері атағымен марапатталған тоғыз педагогтің есімі белгілі. Олардың ішінде Социалистік Еңбек Ерлері Жақия Шайжүнісов, Құдыс Әбсәметов, Рафиқа Нұртазина, Маржан Тасова бар.   2008 жылы бұл атаққа академик Аягүл Миразова лайықты деп танылды, ал 2018 жылы Шымкент қаласындағы А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі Алина Соловьеваға берілді.   Арада 5 жылдан кейін 2023 жылы 5 қазанда абайлық мұғалім Алма Шүкіжанова марапатталды. 2024 жылы тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш рет Мемлекет басшысы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен Алтын жұлдыз айрықша ерекшелік белгісін және «Отан» орденін бірден екі мектеп мұғаліміне тапсырды. Олар - Алматы қаласындағы №4 арнайы мектеп-интернатының математика пәнінің мұғалімі Гүлжанар Нұрпейісова мен Орал қаласындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Эльмара Траисова.
Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ