Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барған Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Наталья Жұмаділдаева ата-аналармен және педагогтер қауымымен кездесу өткізді. Жиын барысында ол министрлік жұмысының негізгі бағыттары мен өңірдегі білім беру сапасын жақсарту шаралары туралы айтты.
Кездесуде Наталья Жұмаділдаева мемлекет педагог мәртебесін арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және жайлы және қауіпсіз жағдай жасауға үлкен мән беретінін атап өтті.
«Министрліктің негізгі міндеті - әр балаға сапалы білім беру. Бұл жұмыс аса маңызды және ол білім беру жүйесінің барлық элементтерінің, соның ішінде білікті кадрлардың тиімді жұмыс істеуіне тікелей байланысты», - деді бірінші вице-министр.
Жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап бере отырып, Наталья Жұмаділдаева облыс орталығында аутизмі бар балаларды қолдау орталығы ашылатынын хабарлады. Сонымен қатар, мектептерде тамақтануды ұйымдастыру, екі тілді сыныптарда оқытуға арналған арнайы ғимарат салу, білім беру сапасын арттыру және білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сияқты маңызды мәселелер талқыланды.
Кездесу соңында Наталья Жұмаділдаева азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің, сондай-ақ білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшыларымен және Ұлытау облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілімен кездесті. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Жезқазған қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясына, Маруа Кулушева атындағы балаларды өмірлік қиын жағдайда қолдау орталығының жасөспірімдер үйіне және №3 жалпы білім беретін мектепке барды. Сапар соңында Наталья Жұмаділдаева Жезқазған гуманитарлық колледжінде студенттермен кездесті.