Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған Ғани Бейсембаев Екібастұз қаласында өңір тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізіп, Оқу-ағарту министрлігі тарапынан атқарылып жатқан негізгі міндеттерге тоқталды. Жиын барысында министр тұрғындардың барлық ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
Өңірдегі педагогтер қауымдастығымен және ата-аналармен кездесуде ведомство басшысы білім беру сапасын арттыру, кадрлық әлеуетті күшейту, инфрақұрылымды жақсарту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты негізгі бағыттарға тоқталды.
«Биылдан бастап Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісінде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Бүгінде іріктеудің бірінші кезеңі аяқталды. Педагогтерді кәсіби тұрғыда дамыту жүйесі түбегейлі өзгереді. Биыл 142 мың педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Бұл ретте негізгі назар ауыл педагогтеріне бағытталған. Олардың үлесі 70% құрайды. Қазіргі уақытта 210 қазақстандық ұстаз «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында «Педагогика» және «Білім беру» бағыттары бойынша шетелде тағылымдамадан өтуде», - деді Ғани Бейсембаев.
Ведомство басшысы биыл қыркүйек айында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» қабылданғанын еске салды. Оның мақсаты – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде саналы ұрпақ тәрбиелеу.
«Мемлекет педагог мәртебесін көтеру, инфрақұрылымды дамыту, оқушыларға жайлы және қауіпсіз жағдай жасау бағытында барлық міндеттемелерді орындайды. Біздің қазіргі басты міндетіміз - әр баланы сапалы білім және саналы тәрбиемен қамтамасыз ету. Бұл - білім беру жүйесінің әрбір тармағының үйлесімді жұмыс істеуіне тікелей байланысты», — деді министр.
Ғани Бейсембаев тұрғындарды толғандырған барлық сұрақтарға жауап берді. Көтерілген мәселелер негізінен мектепке дейінгі, орта және кәсіптік білім беру саласына қатысты болды. Кездесу соңында министр азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.