Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Алматы облысына жұмыс сапарымен барған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өңір тұрғындарымен кездесу өткізді. Азаматтардың ұсыныстарын тыңдап, ведомство тарапынан қабылданып жатқан негізгі міндеттерге тоқталды.

Кездесу барысында министр сапалы білім беру, педагогтердің кәсіби дамуы және біліктілік тестілеуін өткізу ережелеріндегі өзгерістерге тоқталды.

«Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен 2019 жылы маңызды мәселелердің бірі — педагог мамандығының мәртебесі бекітілді. Мұғалімдердің жалақысы көтеріліп, жұмыс жағдайы жақсарды. Артық функциялардан босатылып, кәсіби даму мүмкіндіктері қарастырылды. Министрлік аттестаттау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жүргізуде. Біз білім беру жүйесін үздіксіз дамыту үшін бар жағдайды жасауымыз керек. Әр мұғалімнің еңбегі оқушының жетістіктерімен бағалануы керек деп есептейміз. Ол үшін Ұлттық платформа базасында мұғалімдерді аттестаттау процесін автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде. Ол объективті және ашық болуы тиіс», - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

Алматы облысында барлығы 33 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Оның 4 мыңнан астамы - зерттеуші, 138-і шебер.

Министр сондай-ақ, аудандық білім бөлімдерінің, әдістемелік орталықтардың басшыларымен кездесу өткізді. Онда тәрбие жұмысы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тамақтандыруды ұйымдастыру, оқушыларды тасымалдау, инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында білім басқармаларының және аумақтық департаменттердің басшылары сөз сөйлеп, Білім беруді дамытудың жол картасы шеңберінде атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Министр тамақтануды ұйымдастыруға қатысты туындаған резонанстық мәселелерге тоқталып, мұндай фактілерге жол бермеуді және бақылауды күшейтуді тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептерде Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылған болатын.Олардың басты міндеті - балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара байланысын нығайту, позитивті ата-ана мәдениетін дамыту. Сонымен қатар, министрлік 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасын қабылдады.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ