Ерлан Қарин Президент тапсырмасына сәйкес халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдады. Мемлекеттік кеңесші кездесуде қазақстандық оқушылардың жыл сайын көптеген халықаралық білім додасында топ жарып жүргенін атап өтті. Биыл өрендеріміз әлемнің түрлі елінде өткен пәндік олимпиадаларда 26 медаль иеленіп, ел абыройын асқақтатты. Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Президенттің жақында өткен Депутаттар форумында сөйлеген сөзінде жұртшылықты спортшыларға ғана емес, зияткерлік сайыстардың жеңімпаздарына да лайықты құрмет көрсетуге шақырғанын еске салды. Оның айтуынша, 2022 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздарына және олардың ұстаздарына ақшалай сыйлық табысталады. Бұл ретте Қазақстан – білім олимпиадасы жүлдегерлеріне осындай қолдау көрсететін санаулы елдің бірі. Мемлекеттік кеңесші Қазақстанда жастарға өзін жан-жақты жетілдіруге барлық жағдай жасалғанына, әсіресе, өскелең ұрпақ үшін білім мен ғылым саласында мол мүмкіндік бар екеніне назар аударды. Ұлттық құрылтай отырыстарының бірінде Мемлекет басшысы білім, ғылым және мәдениет саласын рухани дамудың мызғымас үштағаны және ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың негізі деп айтқан болатын. Кездесу соңында Ерлан Қарин олимпиада жеңімпаздарына жылы лебізін білдірді. Олардың қажырлы еңбек, жасампаздық пен жаңашылдық арқылы ел жастарына үлгі-өнеге көрсетіп жүргенін атап өтті.
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз