Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ МАТЕМАТИКА ПӘНІ МҰҒАЛІМІ ОҚУШЫЛАРЫН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАЛАРҒА ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЙТЫНЫН АЙТЫП, ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы №6 мектептің математика пәнінің мұғалімі Абай Ақтілевов ауыл оқушыларын зияткерлік сайыстарға тегін дайындайды. Оның оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Оның шәкірттерінің бірі Қанат Бекбаев республикалық олимпиаданың облыстық турының жеңімпазы атанып, Қазақстан-Британ техникалық университетінің оқу грантын жеңіп алды. Ұстаз Абай Ақтілевовтың тағы бірнеше шәкірті жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша Президенттік олимпиаданың аймақтық турларының, Азия-Тынық мұхиты елдерінің математикалық олимпиадасының және Халықаралық «Жібек жолы» математикалық олимпиадасының қатысушылары атанды.

«Мектеп оқушыларының түрлі олимпиадаларда жеңіске жетуіне және ҰБТ-да жоғары балл жинауына көмектесетін математикадан үздіксіз білім беру жүйесін әзірлеп, енгіздім. Кесте бойынша сабақтар екі сағаттық болса да, оқушыларыма математиканы ұзағырақ үйретуге тырысамын.  Әрине, оның бәрі ақысыз.  Балалардың өздері сабақтан кейін қалады және топтасып әртүрлі есептер мен теңдеулерді шығарамыз. Бұл күніне 4-тен 10 сағатқа дейін созылады. Демалыс күндері балалар математиканы менің үйімде оқитын кездер де болады. Мен математиканы ұнататын және жаңа білімге ұмтылатын барлық оқушыны қуана оқытамын. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, жаңа белестерге жетуге көмектесу өте маңызды.  Шәкірттерімнің арасында түрлі деңгейдегі олимпиадалардың жеңімпазы атанып, қазақстандық және шетелдік жетекші жоғары оқу орындарына түскен ауыл оқушылары көп», – дейді математика пәнінің мұғалімі Абай Ақтілевов.

Мұғалім балаларды оқуға қызықтыруға тырысады. Ол үшін педагог олимпиадаларда және ҰБТ тапсыру кезінде жиі кездесетін есептердің арнайы жинағын жасады.  Оқулық балаларға қосымша әдебиеттерге жүгінбей, зияткерлік сайыстарға және ҰБТ-ға дайындалуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар белсенді ұстаз ауылдық математика мұғалімдері арасында «Математикалық прогресс» байқауын ұйымдастырады.

Абай Ақтілевовтың бастамалары білім басқармасы тарапынан қолдау тауып, бұл сайыс дәстүрге айналды. Оған қазірдің өзінде 400-ден астам математика пәнінің мұғалімі қатысты. Жарыс мықты ұстаздарды анықтап қана қоймай, сонымен бірге төмен балл жинағандарды қолдауға мүмкіндік береді. Педагог-шебер Абай Актілевов оларға әдістемелік көмек көрсетіп, өзінің педагогикалық жетістіктерімен бөліседі. Осылайша «Математикалық прогресс» байқауы ауылдық математика пәні мұғалімдерінің тәжірибе алмасу алаңына айналып, олардың біліктілігін арттыруға бағытталған.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ