Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің мәліметінше, бүгінде 54 мыңнан астам колледж студенті жатақханада орынмен қамтамасыз етілген. Бұл студенттердің жатақханаға жалпы қажеттілігінің 85 пайызын құрайды.
Биыл елімізде 1090 орындық алты жатақхана пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін Шымкент қаласы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарында 1269 орындық тағы алты жатақхана ашу жоспарлануда. Бұл шаралардың барлығы техникалық және кәсіптік білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға және колледж студенттерінің тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ерекше білім беру қажеттіліктері бар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім студенттерге оқу кезінде жатақханада тұру үшін жылына 29 АЕК көлемінде өтемақы төленеді. Екі мыңнан астам колледж студентіне қолдау көрсетіледі», - деді департамент директоры Серік Жартыбаев. Естеріңізге сала кетейік, елімізде 772 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар, онда 517 мың студент білім алуда. Колледж студенттерін ынталандыру мақсатында 2023 жылдың қыркүйегінен бастап стипендияны кезң-кезеңімен өсіру қарастырылған: 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 50%-ға арттырылды, 2024 жылы 100%-ға жеткізіледі. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттер әлеуметтік қолдаумен, оның ішінде стипендиямен, тамақтанумен және жолақымен қамтылған.