Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

КІШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРДЕН БАС ДИРЕКТОРҒА ДЕЙІН: ГҮЛНҰР ЖҮНІСОВА – ҒЗИ-ДЫҢ ЕҢ ЖАС ҒАЛЫМ-ЖЕТЕКШІЛЕРІНІҢ БІРІ

Биотехнолог Гүлнұр Жүнісова - еңбекқорлығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында биік белестерге қол жеткізген жас ғалымның үлгісі. 2022 жылдың наурызында 34 жастағы PhD докторы «Генетика және физиология институтының» бас директоры болып тағайындалып, Қазақстандағы ҒЗИ-ды басқаратын ең жас ғалымдардың бірі болды. Айта кетсек, Гүлнұр Сағындыққызы Генетика институтына 2012 жылы кіші ғылыми қызметкер болып келген. Қысқа мерзім ішінде ол 70-тен астам ғылыми мақала жариялап үлгерді, сонымен қатар ғалымның бір инновациялық патенті бар.  Қазіргі уақытта ғалым сүт безі қатерлі ісігінің ерте дамуының клиникалық-генетикалық аспектілерін зерттеумен айналысып жатыр.

«Жаратылыстану ғылымдарының барлық саласы генетикамен байланысты. Қазір әлемде генетика сұранысқа ие, себебі ғалам мәселелерін тереңірек зерттеу үшін көптеген озық технология пайда болып жатыр. Менің зерттеулерім онкологиялық ауруларды ерте диагностикалаумен байланысты. Біз өз зерттеулерімізде осы қатерлі аурудың пайда болу жолдарын анықтауға және емдеу әдістерін жеделдетуге тырысамыз. Ол үшін қазір бізге заңнамалық жағынан да, қаржылық жағынан да қажетті жағдай жасалып жатыр», – деді Жүнісова.

Гүлнұр Жүнісованың ғылыми қызметі бұған дейін де оң бағаланып, қолдау тапқан болатын. Ол дарынды жас ғалымдарға арналған ҚР БҒМ Мемлекеттік ғылыми стипендиясының екі мәрте иегері және ғылыми тағылымдамадан өту грантының иегері болды. Сонымен қатар Жүнісова - «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты. Биотехнологтың ойынша, мұндай бағдарламалар ғылыми әлеуетті дамытуға негіз бола алады.

«Бұл - әртүрлі елдердің танымал ғалымдарымен байланыс орнату, жаңа зерттеу әдістерін меңгеру, оларды жоспарлау және талдау, сондай-ақ біліммен бөлісуді үйрену мүмкіндігі. Жас ғалымдар үшін «Болашақ» бағдарламасы білім деңгейін арттырудың бірден-бір мүмкіндігі. Президенттің тапсырмасымен ғалымдарға арнайы квота енгізілді. Оның арқасында ғалымдар әлемнің үздік ғылыми орталықтарында тегін тағылымдамадан өтіп, білім ала алады», - деп айтты ғалым.

ҒЗИ директоры ретінде басшы жас қызметкерлердің бастамалары мен идеяларын қолдауды, сондай-ақ аға буынның толыққанды және нәтижелі жұмыс істеуін қамтамасыз етуді басты міндеті деп санайды.

«Әрине, бұл қызмет -  үлкен мәртебе және жауапкершілік. «Ғылыми қызметті басқару ісімен қатар алып жүре аламын ба?» деген күмәнім болды, бірақ бас тартуға болмайды. Әріптестердің сенімін күн сайын, сағат сайын ақтау қажет. Осы ортада өскендіктен ұжымның қолдауын да сезінемін. Бізде жұмыс көп, бірақ оларды тиімді коммерцияландыру үшін институтта арнайы құрылым құру керек. Бұл құрылым Ғылым қорымен, басқа университеттердің технопарктерімен байланыс жасап, ғалымдарымызға кеңес беріп, грант алуға көмектеседі. Жалпы, жоспар көп, ең бастысы күш те, мүмкіндік те бар», - деп қорытындылады сөзін директор.

Гүлнұр Сағындыққызы Ғылым қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде әріптестеріне мықты денсаулық, жаңа ғылыми жетістіктер тіледі.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ