Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНЕ ҚАРАСТЫ ВЕДОМСТВОЛЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҰЖЫМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ведомствоға қарасты ұйымдардың ұжымдарымен кездесу өткізді. Онда 2024 жылы министрліктің алдына қойылған өзекті мәселелер мен міндеттер қаралды.

2023 жылы атқарылған жұмыстар туралы Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының, А.Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» білім беруді зерттеу және бағалау ұлттық орталығы мен Білім беру мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығының басшылары баяндама жасап, есеп берді.

Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша шағын жинақты мектептердегі оқыту сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс басталды. Естеріңізге сала кетейік, Оқу-ағарту министрлігі Ақтөбе облысының әкімдігімен бірлесіп шағын жинақты мектептерді дамыту мақсатында пилоттық жобаны іске қосты. Сонымен қатар, мектептерде «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» ұлттық тәрбие тұжырымдамасы әзірленіп, енгізілді. Әдістемелік орталықтардың құрылымы мен мазмұны өзгертілді. Педагогтар мен мектептердің қызметін құрылымдау үшін 142 әдістемелік әзірлемелер дайындалды. Бұл өткен жылдардағы көрсеткіштен 2,5 есе артық.

100 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Оның 62% - ы ауыл мектептерінің мұғалімдері. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдардың 12 мыңға жуық педагогы өздерінің кәсіби құзыреттерін арттырды. Білім беру ұйымдарының 90 мыңға жуық қызметкері қысқа мерзімді курстардан өтті.

Мемлекет басшысының оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда электронды оқулықтармен қамтамасыз ету 95,5% - ға жетті.

Өткен жылы министрлік «Балабақшадағы кезекті есепке алудың бірыңғай базасын» әзірлеген болатын. Жоба Шахтинск және Петропавл қалаларында пилоттық режимде іске қосылды. Ол мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау кезінде барлық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған. Педагогтерді жұмысқа қабылдау және аттестаттаудан өту кезінде ашықтықты қамтамасыз ететін және қағаз құжат айналымын болдырмайтын ұлттық білім беру дерекқоры жаңғыртылуда.

1413 білім беру ұйымдарында 4 зерттеу жүргізілді. Оның ішінде TIMSS, ICILS, PBTS, TALIS. 2 тапсырма жинағы дайындалды және PISA нәтижелері бойынша ішінде аймақтарға арналған әдістемелік ұсыныстар бар ғылыми мақала жарияланды.

Жиын соңында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2024 жылға ведомствоға қарасты ұйымдардың алдына қойылған міндеттерді белгіледі. Бірінші кезекте білім беру сапасын арттыруға, менеджментті нығайтуға, оқу бағдарламаларын жаңартуға және ауыл мектептерін қолдауға, сондай-ақ педагогтарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру тәсілдерін жетілдіруге бағытталған. Айта кетейік, ведомстволық бағынысты ұйымдардың ұжымдарымен кездесулер алдағы уақытта да жалғасады.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ