Елордада 2030 жылға дейін Орнықты даму үшін білім беруді жүзеге асыру жөніндегі жаһандық негіздемелік бағдарлама мәселелері бойынша семинар өтті. Семинарды Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесі ұйымдастырды.
Семинардың мақсаты – Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ОДБ саласындағы шаралар бойынша шолу зерттеуінің нәтижелерін мүдделі тараптарға таныстыру және талқылау болып табылады.Сондай-ақ, семинар қорытындысында «2030 жылға дейінгі орнықты даму үшін білім беру» Жол картасын жүзеге асыру бойынша елдік бастама және оның нақты іс-шаралар жоспары әзірленеді. Ол осы жылдың желтоқсан айында Жапонияның Токио қаласында ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен өтетін ESD-Net жаһандық конференциясында таныстырылатын болады. Айта кетейік, ұлттық семинар «Біздің әлемді түрлендіру: 2030 жылға дейінгі тұрақты даму бойынша күн тәртібі» тұрақты дамудың жаһандық бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы 17 мақсатқа қол жеткізудегі маңызды қадамы болып табылады.