Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

Білім және ғылым министрлігінің осы аптадағы жаңалықтар топтамасы

Жаңалықтар топтамасын ғылым саласынан бастайық. Осы аптада әлем бойынша Халықаралық ғылымдағы әйелдер мен қыздар мерекесі атап өтілді. Министр нәзік жандарды кәсіби мерекесімен құттықтады. Асхат Қанатұлы қазақстандық ғылым саласында 10 мыңға жуық әйел бар екенін атап өтті. Олардың ішінде ғылым кандидаты, докторлары бар. Отандық ғылымды дамытып жүрген зерттеушілерге алғыс айтамыз.

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы фейсбук желісіндегі парақшасында саланың дамуы жайлы жазды. Ол соңғы жылдары ғылыми-институттарға бөлінетін қаржы көлемінің артқанын айтты. Институттардың материалдық-техникалық жабдықтарын жаңарту жұмысы басталды. Шетелде тағылымдамадан өту, постдокторантура бағдарламалары, ЖОО-лармен байланыс орнату сияқты жаңа мүмкіндіктер туды. Ынталандыру бағытындағы шараларға тоқталайық. Жас ғалымдарға ғылыми-институттардың басшылық қызметіне тағайындалу тәртібі жеңілдей түсті. Байқауға қатысу үшін мамандығы бойынша 5 жыл еңбек өтілі болса жеткілікті. Ал философия докторы (PhD) дәрежесі бар болса, бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты немесе докторы болса, 3 жылдан кем емес еңбек өтілі жеткілікті. Енді осыған дейінгі шектеулер бәсекелестіктегі артықшылықтарға айналып отыр.

Біз ғалым болу сәнді әрі беделді болғанын қалаймыз. Сондықтан сіздерге Қазақстандағы ең жас әйел-проректор - Темербаева Айжан Маратқызын таныстыруды жөн санадық. Ол 30 жасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Назарбаев университеті, Нью-Йорктегі Колумбия университеті секілді беделді оқу орындарында үш мәрте магистр дәрежесін иеленген. Докторлық диссертация қорғап, білім беруде PhD атағын алды. Ректордың орынбасары ғылыми капиталды дамытумен байланысты халықаралық жобаларға белсенді түрде қатысады. Еңбектері рейтингі жоғары журналдарда жарияланған. Ғылым мен қызметті қатар алып жүрген арудың жарқын жетістіктері бүгінде көпке үлгі.

Енді білім саласындағы жаңалықтарға тоқталайық. Колледжге түсетін 107 000 мектеп түлегіне тегін кәсіптік білім алуға мүмкіндік бар. Енді колледждердегі мемлекеттік тапсырысты білім басқармалары бөлмейді, грант талапкерлер таңдаған оқу ордасына беріледі. Яғни, мемлекеттік тапсырысты үлестірудің жаңа тәртібі «ақша студенттің соңынан жүреді» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік грант бөлінісі ашық әрі әділ болу үшін барлық жұмысты жүргізіп жасап жатыр.

Осыған дейін М.Қозыбаев университеті базасында Аризона университетінің филиалы ашылатыны жайында хабарлағанбыз. Осы аптада ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев тәрбие ісі бойынша ректордың орынбасары қызметі қазақстандық маманға берілетінін, сондықтан алаңдауға себеп жоқ екенін айтты. Студенттермен жұмыс біздің менталитет бойынша жүргізіледі. Шетелдік оқу орнының міндеті білім беру саласындағы тәжірибе алмасумен ғана шектеледі.

Ақтөбе облысында көптен күткен және қызу талқыланған білім беру ұйымдары басшыларының ротациясы басталды. Ротация – әлемде кеңінен тараған басқару құралы. Бірнеше ұйымда басшылық қызметте болу жақсы тәжірибе, жемқорлық тәуекелдері де азаяды.

Шолу соңында колледж студенттерінің бизнес-идеяларымен бөліскіміз келеді. Министрлік кәсіптік білім алушыларды қолдап, студенттерге колледжде жасаған өз өнімін сатып, табыс табуға заң жүзінде рұқсат берді. Білім және ғылым министрлігінің бастамасы бойынша қабылданған норма білім беру ұйымының материалды-техникалық базасын пайдалануға мүмкіндік береді. Мысалы, наубайшы студент өзі жасаған тортты еш кедергісіз сатып, ақшасын өзі алады. Мотивация деген осы :)

Білім және ғылым министрлігінің апталық жаңалықтарына шолу осындай. Демалыстарыңыз сәтті өтсін!

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ