Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

Бәсекеге қабілетті жұмысшы кадрларды дайындау: оқу-ағарту бірінші вице-министрі жұмыс сапарымен Абай облысында болды

ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева Абай облысына жұмыс сапарында білім беру ұйымдарындағы оқу процесімен, техникалық және кәсіби кадрларды дайындау барысымен танысты. Әсіресе, өңірде Мемлекет басшысының білім жүйесін дамыту, оның сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуын бақылауына алды.

Бүгінде Абай облысында 33 техникалық және кәсіби білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Жоғары IT және жаңа технологиялар колледжінде инженерлер, операторлар, техниктер, ауылшаруашылығы мен құрылыс индустриясының, медицина саласының электромеханиктері дайындалады. Аталған колледжде 800-ге жуық студент білім алуда, олардың 80 пайызы мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде тегін оқумен қамтылған. Оқу орны ең үздік қауіпсіздік және экологиялық шешімдер технологиясына негізделген жүйемен жабдықталған. Бұдан басқа колледжде жылу және жарық берудің интеллектуалды жүйесі, күн энергиясы, суды екі қайтара пайдалану қолданылып келеді.

Наталья Жұмаділдаева педагогикалық ұжыммен кездесуде техникалық және кәсіптік білім беру бойынша мемлекетпен қабылданған шаралардың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Осыған байланысты қазіргі жағдайды ескере отырып, жүйені дамытудың жаңа тәсілдері әзірленді. Бұл колледждерді өңір экономикасына қарай бейімдеу, көшбасшы-колледждерді қалыптастыру, колледждерді тиімді басқаруды енгізу. Бүгінде нарыққа өз саласы бойынша қажетті құзыреттілік пен дағдыларға ие мамандар қажет. Әсіресе, кадрлық әлеуетті көтеруге басымдық берілуі тиіс», - деді вице-министр.

Сондай-ақ Наталья Жұмаділдаева №50 IT мектеп-лицейінде болды. 1200 оқушы орнына арналып құрылысы биылғы жылы салынған білім ошағы жаратылыстану-математика, бағдарламалау, жасанды интеллект және робототехника бағыттарына бағдарланған. Вице-министр аутизмі бар балаларды қолдау орталығында болды.

Сапар қорытындысында вице-министр «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы аясында басшылардың жаңа құрамын жасақтау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналармен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы шеңберінде ынтымақтастықты арттыру бойынша тапсырма берді.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ