Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУДА МЕКТЕПТЕР МЕН ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ БІРІКТІ: ЕЛОРДАДА "МЕНІҢ БАУЫРЫМ" СТУДЕНТТІК ВОЛОНТЕРЛІК ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ

Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі "Менің бауырым" еріктілер жобасын іске асыру туралы екіжақты келісімге қол қойды. Бірлескен құжат балалардың құқықтарын қорғауға және балаларға қатысты жобаларды тиімді басқаруға, мектеп оқушыларының қолайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

 

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің маңызды міндеті болып қала беретінін атап өтті. Бұл бағытта ведомство бірқатар шаралар қабылдауда. Оның ішінде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бағыты да бар.

 

"Халқымыздың "Асар" деген игі дәстүрі бар. Яғни, бірлесіп, ерікті түрде жұмыла көмектесуді білдіреді.  Волонтерлік - осы ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың тікелей көрінісі. Еріктілер өз елінің нағыз патриоты мен азаматы ретінде балаларды жақсылыққа, әділдікке, жасампаздыққа жетелеп, шығармашылық шабыт береді деп сенеміз. "Менің бауырым" еріктілер қозғалысы балаларымыздың құқықтарын қорғау бағытындағы ынтымақтастығымызды нығайта түсері сөзсіз", - деді Ғани Бейсембаев.

 

Айта кетейік, "Менің бауырым" жобасының еріктілері қатарына педагогика, құқықтану, психология, әлеуметтік педагогика және ақпараттық технологиялар мамандықтары бойынша 3-5 курстарда оқитын ЖОО студенттері тартылмақ. Елорданың 171 мектебінің оқушыларына қолдау көрсететін 12 жоғары оқу орнының 1300 студентінен тұратын команда құру жоспарлануда.

 

"Құрметті студенттер, қазіргі сәт - өмірлеріңіздің алтын кезеңі. Өздеріңіздің ресурстарыңызды жан-жақты дамуға: оқу, ғылым, әлеуметтік және қоғамдық өмірг бағыттайтын уақыт. АҚШ-та «Community service», яғни «Қоғамдық қызмет» деген пән бар. Еліміздегі жоғары оқу орындарында да ол енгізілуде. 6 университте біз бірінші кезекте пилоттық жобаны іске қостық. Бұл оқу орындарында 100% академиялық көрсеткіштермен өлшенетін GPA-ді біз келесідей бөлдік: 50% – академиялық көрсеткіш, 25%-ғылыми-зерттеу қызметі және 25%-қоғамдық-әлеуметтік жұмыс. Яғни, әр студенттің әлеуметтік қызметі: волонтерлік, спорт, әлеуметтік, мәдени жобалары да есептеледі. Жалпы көрсеткіштің 25% - на қосылады. Сондықтан "Менің бауырым" жобасын іске қосу - бүкіл қоғамға пайдасы тиетін игі бастаманың жалғасы деп санауға болады. Біздің балаларымыздың әл-ауқатының жақсы болуы - мемлекеттің игілігі", - деп атап өтті Саясат Нұрбек.

 

Айта кетейік, "Менің бауырым" жобасының еріктілері алдымен арнайы тренингтерден өтіп, мектептерде балалармен және жасөспірімдермен жұмыс істеу жөнінде нұсқаулықтар беріледі. Олардың әрі қарайғы жұмысы патриоттық және экологиялық тәрбие беру, жауапкершілікті арттыру, мектепішілік қарым-қатынастарды нығайту, эмоционалдық интеллектіні, құқықтық, оқырмандық, қаржылық және IT сауаттылықты дамыту жөніндегі маңызды бағыттарды қамтитын болады. Волонтерлік топтарды жоғары оқу орындары құрады. Ал, Астана қаласы білім басқармасының қолдауымен олардың мектептердегі жұмысы ұйымдастырылады.

 

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ