Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде «Мейірім» қайырымдылық акциясы жүзеге асырылуда. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балалар үйінің түлектерін әлеуметтік қолдауға бағытталған бұл бастаманың ауқымы кеңейіп жатқанын айтты.
2024 жылдың сәуір айынан бастап акция аясында 1317 өзара ынтымақтастық туралы келісім жасалып, 2000-нан астам балалар үйі тәрбиеленушісінің тұрғын үй депозиттік шоттарына 840 миллион теңгеге жуық қаражат аударылды.
Бұл бастаманың негізгі мақсаты – жетім балалар мен балалар үйінің түлектеріне жан-жақты қолдау көрсету, отбасылық тәрбиенің балама түрлерін дамыту, әлеуметтік көмектің тиімді тетіктерін кеңейту, бизнес өкілдерін балаларды қолдауға тарту, сондай-ақ олардың кәсіби даярлығына, жұмысқа орналасуына және баспанамен қамтамасыз етілуіне жәрдемдесу.