Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

Жаңалықтар

Асхат Аймағамбетов балаларды тәрбиелеуге қолайлы үздік елдердің рейтингі туралы

Білім саласындағы рейтингтер туралы жазбалар топтамасын әрі қарай жалғастырамын. Бұл жолы «Қазақстан бала тәрбиесі бойынша елдер арасында соңғы орында тұр» деген тақырыппен қоғамды дүр сілкіндірген «Балаларды тәрбиелеу үшін қолайлы елдер» туралы рейтингке назар аударғым келді.

Бұл қандай рейтинг және оны кім жүргізеді?

Бұл рейтинг Best Countries for Raising Kids (Балаларды тәрбиелеу үшін ең қолайлы елдер) деп аталады. Ол Best Countries (Үздік елдер) негізгі рейтингінің бөлігі және оны 2016 жылдан бері америкалық U.S. News & World Report басылымы өткізіп келеді.

«Үздік елдер» рейтингін жасау үшін басылым елдің табысын анықтайтын елдердің ерекшеліктерін (атрибут) пайдаланылады. Оның саны 76. «Үздік елдер» рейтингі негізінде 15-ке жуық тақырыптық рейтинг жасалады, оның ішінде «Балаларды тәрбиелеу бойынша үздік елдер» (8 атрибут қолданылады), «Әйелдерге арналған үздік елдер» (5 атрибут), «Инвестицияларға арналған үздік елдер» (8 атрибут) және басқалар.

Жоғарыда атап өткенімдей, кез келген рейтингте оның әдістемесін түсіну маңызды. Оны түсініп көруді ұсынамын.

Бірінші. Жоғарыда жазғанымдай, рейтинг атрибуттар жиынтығына негізделген. Балаларды тәрбиелеу бойынша рейтинг үшін әртүрлі салаларды қамтитын 8 атрибут пайдаланылады: (1) адам құқықтарына қамқорлық; (2) отбасын құрметтеу; (3) гендерлік теңдікке қол жеткізу шарттары; (4) бақыт; (5) тең табыс; (6) қауіпсіздік; (7) дамыған денсаулық сақтау жүйесі.

Көріп отырғандарыңыздай, бұл жерде әңгіме біздің түсінігіміздегі тәрбие жайында емес, рейтинг авторларының пайымындағы балаларға қолайлы жағдайлар болып саналатын контекстік факторлар туралы болып отыр.

Екінші. Рейтинг азаматтардың сауалнамасына, дәлірек айтқанда, азаматтардың басқа елдер туралы түсінігіне негізделген. Сауалнама қатысушыларына әр елмен байланысты атрибуттарды белгілеу ұсынылды. Ел белгілі бір атрибут бойынша неғұрлым жиі таңдалса, соғұрлым көп ұпай алады. Басқаша айтқанда, респонденттердің белгілі бір ел туралы түсінігі, олар үшін «бақыт», «қауіпсіздік», «тең табыс» сияқты атрибуттармен қаншалықты байланысты екені бағаланады.

Мұндай бағалау респонденттің белгілі бір елдерге қатысты жеке, кейде стереотиптік көзқарасына байланысты екені анық. Адамның қабылдауы әртүрлі жолмен қалыптасуы мүмкін: елге бару, оның әдебиеті мен мәдениетін зерттеу, кейде жаңалықтар мен ақпарат алаңы арқылы. Бұл жағдайда Еуропа елдері өздерінің тығыз саяси және экономикалық интеграциясына байланысты бір-бірін көбірек біледі және объективті бағалауға үміттене алады. Басқа мемлекеттер, соның ішінде Солтүстік және Оңтүстік Америка, Азия, Таяу Шығыс елдері де кең аймақтық өкілдікке ие. Ал Қазақстан - Орталық Азия елдері арасында орын алған жалғыз ел.

Үшінші тармақ іріктеуге қатысты. 2021 жылы сауалнамаға 36 елден 17 326 респондент қатысты. Бұл Солтүстік және Оңтүстік Американың, Азияның, Еуропаның, Таяу Шығыс пен Африканың өкілдері. Бұл ретте олар 78 елдің атрибуттарын бағалады. Бұл елдердің бір бөлігі өз азаматтарының бағасын алса, екінші бөлігі алмағанын білдіреді. Оның үстіне бұл іріктеу бар-жоғы 36 елдің азаматтарының пікірі болғандықтан, бүкіл әлемнің көзқарасын көрсетеді деп айту қиын.

Рейтинг әдістемесі туралы қосымша ақпаратты басылымның сайтынан оқуға болады: https://www.usnews.com/news/best-countries/articles/methodology

 

https://t.me/aimagambetov/66

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ