Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ БАЛАБАҚШАЛАРҒА ЛИЦЕНЗИЯ БЕРУ МЕН «ҚОЛАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ ЖАЙЫНДА

Асхат Аймағамбетов жаңа сұхбатында балабақшаларға лицензия беру, «Қолайлы мектеп» жобасы мен оқушыларды кітап оқуға баулу туралы айтты. Министр мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының сапасын арттыруға кешенді түрде қарау керек дейді.

 

«Лицензия беру – мектепке дейінгі білім сапасын қамтамасыз етудің маңызды құралы болғанымен жалғыз тетігі емес. Біз педагогтердің біліктілігін арттыру, жан басына қаржыландыруды дамыту, бағдарламаларды жетілдіру және басқа да жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта елімізде мектеп, колледж, жоғары оқу орындары деңгейі бойынша лицензия беру бар. Мысалы, соңғы үш жылда жекеменшік мектептердің саны бірнеше есе өсті. Ол нені білдіреді? Ол лицензия берудің жекеменшік мектептер ашу үшін ешқандай да кедергісі жоқ екенін және талапты орындауға болатынын білдіреді. Сондықтан біз дәл осы тәртіпті енді балабақшаларға қайтадан енгізіп жатырмыз. Балабақшалардың құрылтайшылары мен иелеріне дүрлігіп, қорқудың қажеті жоқ. Себебі еліміздегі барлық балабақша бір күнде немесе бір айда лицензия беру тәртібіне өтеді деп айтып жатқан жоқпыз. Бірінші кезекте жаңадан ашылып жатқан жекеменшік, мемлекеттік балабақшалар лицензия алады. Келесі кезеңде тәуекелі көп ұйымдарға лицензия беру жұмысы жүргізіледі», - деді Асхат Аймағамбетов.

 

Министр балабақшалар бірлестіктерінің басым көпшілігі лицензия беру жүйесін қайта енгізуді қолдап отырғанын айтты. Себебі сапасыз балабақшалар мен балаларды ұрып-соғу фактілерін ешкім жоққа шығара алмайды. Балабақша құрылтайшылары балалардың мүддесін бірінші орынға қойып, барынша ашық, әділ және барлығына бірдей мүмкіндік болғанын дұрыс деп санап отыр. 

 

«Лицензия талаптары жоғары болмайды. Егер балабақша осы минималды талаптарға сәйкес келетін болса, онда қиындықсыз, өте қысқа мерзімде, электронды форматта лицензия алады. Сондықтан бұл айтарлықтай үлкен мәселе туғызбайды. Біздің мүддеміз балаларды сапалы балабақшамен қамту», - деді Оқу-ағарту министрі. 

 

Оқу-ағарту министрі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан «Қолайлы мектеп» жобасы туралы да айтты.

 

«2023 жылдан бастап салынатын мектептер енді мемлекеттік стандарттарға сай болуы керек. Егер робототехника, физика, химия пәндік кабинеттері қажет болса, онда мектепті соған сай жабдықтау керек. Қазіргі уақытта мектеп салынып бітеді де, лицензия алуға келгенде барлық қажетті құрал-жабдықтың жетіспейтіні белгілі болатыны жасырын емес. Мәселен, спорт залын алатын болсақ, қазіргі уақытта 1 200 оқушыға арналған өте үлкен мектептер салынып жатыр. Екі ауысымды есептесек, 2 400 оқушы оқиды. Бірақ ол мектепте тек бір ғана спорт залы қарастырылған. Ал егер типтік оқу бағдарламасын қарайтын болсақ, аптасына әр сыныпта үш сағат дене шынықтыру сабағы бар. Сол үш сағатты барлық сыныпқа санайтын болсақ, онда бір спорт залы жетіспейді және бір уақытта бірнеше сынып бір спорт залында шынығады. Сондықтан бірнеше спорт залы керек. Неліктен қазір көптеген ата-ана балаларын МЖӘ бойынша салынған жаңа мектептерге беруге ұмтылады? Себебі олар толық жабдықталған және стандарттарға сай. Сондықтан бізге осындай мектептер қажет», - деді Асхат Аймағамбетов.

 

Министр «Қолайлы мектеп» жобасында құрылыс материалдарының сапасы және бастауыш пен жоғары сынып оқушыларын блоктарға бөлу мәселесі де қарастырылатынын айтты.

 

«Бұл жоба бойынша бізде қосымша 800 мыңнан астам орын беріледі және жоғарыда айтылған мәселелер шешімін табады. Бүгінгі таңда еліміз бойынша мектептерде 250 мыңнан астам орын тапшылығы бар. Егер біз осы мәселені қазір шешпесек, 2026 жылға қарай жалпы тапшылық 1 млн 200 мыңға дейін жетеді. Былтыр біз Президенттің тапсырмасы аясында 277 мектеп салдық. Биыл 225-тен аса мектеп салғалы отырмыз. Мектеп құрылысы мен қаржыландыруды әкімдіктер жүргізеді», - деді министр.

 

Асхат Аймамбетов «Оқуға құштар мектеп» жобасының маңызы мен соңғы оқыған үш кітабы туралы да айтты.

 

«Кітап оқыған өте маңызды. Өз жұмысымда әр түрлі талдауларды, сараптамаларды, ақпаратты оқимын. Оған қоса, әрине, көркем әдебиетті де оқу пайдалы. Соңғы оқыған кітаптарымның бірі - Мэтью Сайедтің «Қара жәшік» принципі» кітабы. Одан кейін Гарвард профессоры Майкл Сэнделдің «Тирания заслуг» атты ағылшын тіліндегі кітабын оқыдым. Үшіншісі, жуырда ғана Ремарк жазған «Лиссабондағы түнді» оқып бітірдім. Онда екінші дүниежүзілік соғыс уақытындағы оқиғалар баяндалады. Біз «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханаларына көркем әдебиеттер сатып алып, балаларды оқуға белсенді түрде баулып жатырмыз және бұл жұмысты одан әрі жалғастырамыз», - деді Асхат Аймағамбетов.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ