Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

АСТАНАДА ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫ БАСШЫЛАРЫНЫҢ ФОРУМЫ ӨТТІ

Астанада техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшыларына арналған «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту және стратегиялық міндеттер» атты республикалық форум өтті. Шараға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты.

Ведомство басшысы мемлекет тарапынан техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға ерекше қолдау білдіріліп отырғанын атап өтті. Жыл сайын техникалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылып, колледж студенттерінің стипендиясы арттырылуда. Сондай-ақ жастардың стартаптары мен бизнес-идеяларын жүзеге асыру алаңдары жұмыс істейді.

«Бүгінгі таңда колледждер техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін қазіргі заман талабына сай еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға қайта бағдарлауы қажет. Студенттерге кәсіби дағдыларды үйретіп қана қоймай, олардың кәсіпкерлік әлеуетін қолдау аса маңызды. Педагогтер мен колледж басшыларының сапалы құрамын қалыптастыру мақсатында колледждерге өндірістен мамандар тарту шаралары қолға алынды. Оларға 35 пайызға дейін қосымша ақы төленеді», – деді Ғани Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, колледждер инвесторлармен және бизнес қауымдастықпен өзара ынтымақтастықты күшейтуі керек. Әсіресе, колледж студенттерінің жатақханалар мен хостелдерде қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударылуы керек.

Диалог алаңында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Сонымен қатар, озық үлгілі колледждердің директорлары кірістілікті арттыру және инфрақұрылымды жақсарту мәселелері бойынша әлеуметтік серіктестерді тарту жөніндегі өз тәжірибелерімен бөлісті. Форум соңында үздік мамандар ведомстволық наградалармен және құрмет грамоталарымен марапатталды.

Айта кетерлігі, форумға 800 адам қатысты. Олар еліміздің әр өңірінен келген колледж директорлары мен олардың орынбасарлары, білім басқармалары басшыларының орынбасарлары, ТжКБ бөлімдерінің басшылары.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ