Ақтауда елдің барлық өңірінен келген мамандардың басын қосқан «Цифрлық трансформация: колледж кітапханалары қызметін заманауи жаңғырту» атты республикалық семинар өтті.
Кітап оқу мәдениетін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлт қалыптастыру бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыста кітапханаларға ерекше рөл беріледі. Бүгінде олар жастарға арналған заманауи білім беру, мәдени және қоғамдық кеңістікке айналып келеді.
Семинар жұмысына елдің барлық өңірінен колледж кітапханаларының 120-ға жуық басшысы, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ салалық сарапшылар қатысты.
Қатысушылар кітапханаларды цифрлық жаңғырту, электрондық ресурстарды дамыту, жасанды интеллект технологияларын енгізу және студенттер арасында кітап оқуды насихаттаудың заманауи тәсілдерін талқылады.
Негізгі іс-шаралардың бірі «Кітап – рухани құндылық» жобасы аясында өткен цифрлық буктрейлерлердің республикалық конкурсы болды. Әртүрлі өңірлерден келген 50-ге жуық студент заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып әзірлеген шығармашылық жұмыстарын ұсынды.
Семинар озық тәжірибелермен алмасуға және кітапхана қызметінің жаңа форматтарын талқылауға арналған алаңға айналды. Қатысушылар кітапханаларды жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, білім беру бастамаларын қолдауға және елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға ықпал ететін білім орталығы ретінде одан әрі дамытудың маңызын атап өтті.