Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

Алғашқы мұғалімдер семинариясы: М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжге 120 жыл

Осыдан тура 120 жыл бұрын Семей қаласында мұғалімдер даярлайтын алғашқы оқу орындарының бірі ашылды. Бүгінгі таңда бұл педагогикалық колледж ұлттың ұлы тұлғасы Мұхтар Әуезов есімімен аталады. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев колледж ұжымын айтулы тарихи датамен құттықтады.

 «Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж - еліміздің білім беру жүйесінде ерекше орын алған, өзіндік дәстүрі, мамандар даярлауда озық тәжірибесі мен бірізді жүйесі бар іргелі оқу орны. Бұл оқу орнының тарихы халқымыздың білімге деген ұмтылысы мен ұлттық сананы қалыптастырудағы маңызы зор кезеңдерді айқындайды. Көптеген ұлт зиялыларының қайраткерлік, жазушылық, ғалымдық қадамдары осы білім ордасында бастау алды. Ұлттық рухты көтеріп, еліміздің дамуына орасан үлес қосты. Алаш зиялыларының арманы мен идеялары осы ордада дүниеге келді, бекіді», - делінген министрдің құттықтау хатында.

 М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің 120 жылдығына арналған іс-шараға оқу-ағарту бірінші вице-министрі, депутаттар, ғалымдар, ақын-жазушылар, білім беру саласының өкілдері мен колледж түлектері қатысты. Наталья Жұмаділдаева педагогтерге олардың қазақстандық білім жүйесіне және өскелең ұрпақты тәрибелеуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ 20-дан астам педагогті министрдің атынан ведомстволық наградалармен, оның ішінде «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

 Оқу орны алғаш рет 1903 жылы мұғалімдер семинариясы ретінде құрылды. Оның тарихы осы оқу орнының түлектері Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Аймауытов, Әбдіжәміл Нұрпейісов сынды белгілі қоғам қайраткерлерінің есімімен тығыз байланысты. Колледжде тұлғаларды тануға арналған 35 атаулы кабинет ашылған, сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің өмір жолы мен шығармашылығынан сыр шертетін мұражай жұмыс жасайды.

 Бүгінде колледж 12 мамандық, 16 құзыреттілік бойынша маман даярлайды. Мұнда 1300-ден астам студент білім алады, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін студенттер үшін инклюзиялық білім беру жағдайы жасалған.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ