Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңалықтар

569 ҚАЗАҚСТАНДЫҚ «БОЛАШАҚ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТИПЕНДИЯСЫНЫҢ ИЕГЕРІ АТАНДЫ

«Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды.Республикалық комиссияның шешімімен осы жылғы іріктеудің үшінші легінде стипендия  569 қазақстандыққа тағайындалды. Оның ішінде 163 адам магистратураға, 4 адам әлемнің үздік жоғары оқу орындарының докторантурасына түсті. «Тағылымдама» бағдарламасы бойынша 37 стипендиат білім алады. Тағы 365 ғалым шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, «Ғалымдар» санаты биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет бекітілді. Бұл шешім Қазақстандық ғалымдарға жетекші университеттерде, ғылыми және салалық орталықтарда  білім алуға, сол арқылы елдің ғылыми әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

«Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері академиялық оқудан және әлемнің 27 елінің жетекші университеттері мен ғылыми және салалалық орталықтарында тағылымдамадан өтеді. 220 адам АҚШ, 136 – Ұлыбритания, 57 – Ресей Федерациясы 13 – Австралия, 14 – Германия, 3 – Жапония т. б. мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білім алады.

Биылғы жылы тағылымдамалар мен оқыту бағдарламалары шеңберінде «Қашықтан оқытудың әдістері мен құралдары», «Педагогикалық платформаларды әзірлеу», «STEM пәндерін оқыту әдістемесі», «Жоғары білім берудегі стратегиялық менеджмент және көшбасшылық», «Педагогикалық инновациялар», «Биология, молекулалық биология, биохимия», «Вирусология. Жұқпалы аурулар. Эпидемиология», «Цифрлық экономика. Сандық Маркетинг» сынды бағыттар сұранысқа ие болды.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімі ҚР БҒМ Telegram парақшасында https://t.me/bilim_jane_gylym  және Халықаралық бағдарламалар орталығының сайтында жарияланған.

 

Естеріңізге сала кетейік, биыл 24 желтоқсанда ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Айта кетейік, бұдан бұрын конкурстық іріктеудің екі легінің қорытындысы бойынша комиссия шешімімен тағы 309 стипендия, оның ішінде «Ғалымдар» санаты бойынша 51 стипендия  тағайындалған болатын. Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 1055 стипендия бөлінді. Оның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура, тағылымдама бағдарламалары шеңберінде 5 санат бойынша  бөлінген. Тағы 500 стипендия «Ғалымдар» тағылымдамасының жаңа санаты бойынша бөлінді.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ