Алғыс айту күніне орай еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Отаным, саған мың алғыс!» челленджі өтті. Іс-шараға 2,5 миллионға жуық оқушы, 20 мыңға жуық колледж студенттері, 250 мың педагог және 50 мың ата-ана қатысты.
Мақсаты - патриотизмге тәрбиелеу, жалпыадамзаттық құндылықтарды, адамгершілікті, еңбексүйгіштікті насихаттау, оқуға, еңбекке баулу. Табиғатқа, қоршаған ортаға құндылық қатынасын қалыптастыру.
Челлендж аясында барлық білім беру ұйымдарының 1-11 сынып оқушылары үшін бірыңғай сынып сағаттары өткізілді. Оқушылар арасында «Алғыс айту-парызың...», сондай-ақ «Тарих ғибраты» сабақтарының онкүндігі ұйымдастырылды. Осы сабақтар аясында оқушыларға тарихтағы ризашылық мысалдары көрсетілді.
«Отаным, саған мың алғыс!» айдарымен жергілікті телеарналар арқылы білім беру ұйымдары дайындаған құттықтаулар көрсетілді.