Биыл 30 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Щучинск қаласында ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 2-7 сынып оқушылары арасындағы ХІХ «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары байқауының қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша жарысы басталады.
Конкурс қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, тарих, өлкетану, этномәдениеттану, медицина, психология, экология, технология және өнер секциялары бойынша өтеді.
Республикалық-қорытынды кезеңнің ең үздігі атану үшін еліміздің барлық облыстарынан, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 366 қатысушы бәсекеге түседі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер I, II, III дәрежелі дипломдармен және грамоталармен марапатталады. Барлық оқушыға қатысушы сертификаттары мен естелік сыйлықтар беріледі.
Конкурстың аудандық кезеңіне 20 071 жобамен 31 340 оқушы қатысып, облыстық-іріктеу кезеңде 6 472 жобамен 7 568 оқушы жарысты. Бірінші орын алған жобалар финалдық кезеңге өтті.